Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышы

 

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджеттік кодексінің 201 бабына сәйкес:

Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң борышына немесе мәслихаттардың шешiмдерiмен жергiлiктi атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған (игерiлген) және өтелмеген мемлекеттiк қарыздардың белгiлi бiр күнге, сондай-ақ борыштық мiндеттемелердiң белгiлi бiр күнге сомасы мемлекеттiк борыш болып табылады.

Мемлекеттiк борыш iшкi және сыртқы мемлекеттiк борышты қамтиды.

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттерi алдындағы мемлекеттiк iшкi қарыздары мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi мемлекеттiк iшкi борыш  болып табылады.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасының резидент еместерi алдындағы мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi мемлекеттiк сыртқы борыш болып табылады.

 

Мемлекеттік қарыз алу және борыш сұрақтарының нормаларын қамтитын нормативтік құқықтық актілер:

-       Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджеттік кодексі     (12-бөлім «Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш, мемлекет кепілгерлігі);

-       Қазақстан Республикасы Үкіметінің 26.02.2009 жылғы № 220 қаулысымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі (12-бөлiм «Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздар және мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздар»).