Жоспардың 7 тармағы бойынша.

          1-сұрақ: Конкурстық құжаттамада жұмыс тәжірибесінің біліктілік талап ретінде белгіленген жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім беруші тартатын қосалқы мердігердің жұмыс тәжірибесінің болуы қажет пе?

Жауап: «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 1-тармағы бойынша, әлеуетті өнім берушілерге мынадай біліктілік талаптары қойылады:

1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;

2) төлем қабілеттілігінің болуы, салық берешегінің болмауы;

3) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы;

4) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті, тиісті материалдық және еңбек ресурстарының болуы;

5) жұмыс тәжірибесінің болуы.

Заңның 9-бабының 1-тармағы 5) тармақшасының талабы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын өлшемшарттарға сәйкес белгіленеді

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген) (бұдан әрі – Қағидалар) 441-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде Заңның 9-бабының 1-тармағына 5) тармақшасына сәйкес тапсырыс берушілер өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесіне ие болуы бөлігінде әлеуетті өнім берушілерге біліктілік талаптарын ұсынады.

Қағидалардың 442-тармағы конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) белгіленуі мүмкін әлеуетті өнім берушілердің сатып алынатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет нарығындағы жұмыс тәжірибесі мынадай өлшемшарттарға сәйкес:

1) егер конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы тиісті қаржы жылына белгіленген жүз мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын болса, екі жылға дейін;

2) егер конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз елу мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын болса, бес жылға дейін айқындалады деп белгілейді.

Осылайша, Қағидаларға сәйкес біліктілік талаптары өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесіне ие болуы бөлігінде әлеуетті өнім берушіге, оның қосалқы мердігеріне (бірлесіп орындаушысына) емес қойылады.

2-сұрақ: Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесінің есебі қалай жүргізіледі?

Жауап: Техникалық ерекшеліктердің әлеуетті өнім берушілерінің ұсынған бағалау критерийлерінің 4-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілген Конкурстық құжаттамаға 12-қосымша) жұмыс тәжірибесінің болуы үшін (бір критерий ғана алынады) әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру саласындағы жұмыс тәжірибесі және сатып алынатын қызметтердің мәніне сәйкес келетін қызмет нарығындағы жұмыс тәжірибесі/жобалары үшін 0-ден 6 баллға дейін беріледі.

Бұл ретте, сатып алынатын көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесін растаушы құжаттар көрсетілген қызметтердің актілері мен шот-фактураларының электрондық көшірмелері болып табылады.

Осылайша, жұмыс тәжірибесінің бір жылы сатып алынатын көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесін растаушы құжаттар бар болған кезде (көрсетілген қызметтердің актілері мен шот-фактураларының электрондық көшірмелері) қызметті көрсету кезеңінен қарамастан беріледі.

 

3-сұрақ: «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 43-бабы 18-тармағымен анықталған тәртіппен жасалған шарттың мерзімі өтіп және 2 айдың ішінде жаңа шарт түзілмесе (мәселен, уәкілетті органмен рәсімдерді тоқсату бойынша), жаңа әлеуетті өнім берушілермен жаңадан мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасағанға және ол шарттың күшіне енген мерзімге дейін мемлекеттік сатып алу туралы шарттың мерзімін ұзарту мүмкін бе?

Жауап: Заңның 43-бабы 18-тармағына сәйкес тапсырыс берушінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс беруші уәкілетті орган бекiткен тiзбе бойынша күн сайынғы немесе апта сайынғы қажеттіліктегі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданысын конкурс не аукцион тәсілімен мемлекеттiк сатып алу қорытындысы шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге ұзартуға құқылы.

Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі, бірақ екі айдан аспайтын мерзім ішінде тапсырыс берушінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу көлемінен аспайтын көлемде жүзеге асырылады.

Сонымен бірге, Заңның 39-бабы 3-тармағының 50) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу егер мемлекеттік сатып алу тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі, бірақ екі айдан аспайтын мерзім ішіндегі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу көлемінен аспайтын көлемде, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жылдың бірінші айы ішінде жүзеге асырылатын болса, конкурс не аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттіліктегі осындай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болса, жүзеге асырылады.

Осы тармақша өнім беруші өткен жылы жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданысын ұзартудан бас тартқан жағдайда қолданылады.

Осылайша мемлекеттік сатып алу қорытындысы шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге, бірақ ,екі айдан аспайтын мерзім ішіндегі, күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттіліктегі осындай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болса аталған норма жылдың бірінші айында қолданылады

 

4-сұрақ:Консорциум қатысушылардың материалдық және еңбек ресурстары қалай есепке алынады?

Жауап: Заңның 2-бабының 2) тамақшасына сәйкес әлеуетті өнім беруші – мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшiн өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум).

Қағидалардың 382-тармағына сәйкес Заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктері (консорциум) мемлекеттік сатып алуға қатысқан жағдайда, осы консорциумның қатысушылары болып табылатын заңды тұлғалар өз біліктілік талаптарын растау үшін осы Қағидаларда белгіленген құжаттармен қатар мынадай құжаттардың электрондық көшірмелерін, не электрондық құжаттарды ұсынуға тиіс:

1) заңды тұлғалардың мүшелері арасында жасалған бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт (консорциялық келісім);

2) бірлескен шаруашылық қызмет туралы шартта көзделген қызмет бөлігінде тауарларды ұсыну, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету құқығына лицензия.

Консорциум конкурсқа қатысқан жағдайда конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды есептеу консорциялық келісімде айқындалған консорциум қатысушыларының біріне қатысты қолданылады.

Бұл ретте шарт конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарт қолданылған консорциумның қатысушысымен жасалады.

Азаматтық кодексінің 233-бабының 4-тармағына сәйкес консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келiсiмде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады. 

Сонымен бірге, Қағидалардың 150-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әлеуетті өнім беруші (конкурсқа қатысушы болып танылған), егер ол және (немесе) оның қосалқы мердігері не бірлесіп орындаушысы  конкурстық құжаттамада көрсетілген, шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болуы бөлігінде әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарына сәйкес болмауы  айқындалса конкурсқа жіберілмейді.

Осылайша, консорциумның қатысушылары болып табылатын заңды тұлғалар ортақ жауапкершілікте болады, біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болуы бөлігінде конкурстық комиссия консорциумның өтінішін әрбір консорциум қатысушысы бойынша қарастырады.

 

5-сұрақ: Тауарды қабылдау алу–тапсыру актісін, көрсетілген қызметтер актісін, орындалған жұмыстар актісін, шот-фактурасын қағаз түрінде қол қоюға және қабылдап алуға болады ма?

Жауап: «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 52-бабы 1 тармағы 2) тармақшасына және 43-бабы 26-тармақтарына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалғаны туралы құжаттар, оның ішінде, шот-фактура электрондық нысанда ресімделеді. Аталған норма 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалғаны туралы құжаттарды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық нысанда ресімдеу туралы талаптар осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40), 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

          Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсанда № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 424-тармағына сәйкес Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, шарттың орындалғаны туралы құжаттар (тауарды қабылдап алу-беру актісі, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі, шот-фактура) электрондық нысанда ресімделеді.  

          Салық кодексінің 263-бабы 1-2 тармақтарына сәйкес шот-фактура қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жазылып беріледі.

          Осылайша, Салық кодексінің нормасы жалпы болып табылады және шот-фактураны ресімдеуді талап ететін барлық саладағы қатынастарға есептелген.

          Бұл ретте,  шот-фактураны тек қана электрондық нұсқада ресімдеу бойынша қандай да бір нақты салада арнайы заңда орнатылған талап Салық кодексінде көрсетілген нормаға қарама қайшы келмейді.

Осыған байланысты, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 43-бабы 26-тармағының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалғаны туралы құжаттарды (тауарды қабылдап алу-беру актісі, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі, шот-фактура) электрондық нысанда ресімдеу қажет.

 

6-сұрақ: Өнім берушіге жеткізілген тауар үшін, егер де ол актіні электрондық нысанда ұсынбаса, ақы төлеуге болады ма?

Жауап: Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (ҚР Қаржы министрінің 11.12.15 жылғы №648 бұйрығы) 19-қосымшасымен бекітілген Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы Үлгілік шарттың 5.3-тармағына сәйкес, жеткізу Өнім беруші Тапсырыс берушіге тауарды техникалық ерекшелікте (Шартқа 2-қосымша)  көрсетілген талаптарға дәл сәйкестікте толық беру шартында жасалды деп есептеледі.

Осы Шарттың 5.3-тармағының талаптары сақталған кезде Тауарды жеткізу/беру күні деп өнім берушінің веб-портал арқылы тапсырыс берушіге тауарды қабылдап алу-беру актісін жіберген күні есептеледі (Үлгілік шарттың 5.4-т.).

Үлгілік шарттың 3.1-тармағы 9) және 10) тармақшаларымен өнім беруші келесілерге міндеттенеді:

- Тапсырыс берушіге веб-портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітілген орындалған жұмыстар актісін жіберуге және ресімдеуге;

- Тапсырыс беруші орындалған жұмыстар актісін бекіткеннен кейін Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымының қағидаларына сәйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда шот-фактура жазуға міндеттенеді.

Үлгілік  шарттың 3.3-тармағы 3) тармақшасына сәйкес Тауарды қабылдап алу кезінде веб-портал арқылы Тауарды қабылдап алу-беру актісін бекітуге не Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 426-4-тармағында белгіленген мерзімде оны қабылдамаудың дәлелді негіздемелерін көрсете отырып, қабылдаудан бас тартуға тапсырыс беруші міндеттенеді.

Қағиданың 426-тармағына сәйкес Тауарларды жеткізген кезде мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау мынадай кезекпен жүзеге асырылады:

1) жүкқұжаттың түпнұсқасын бере отырып, тауарды жеткізу орнына тауарды жеткізу;

2) өнім беруші тауарды жеткізу фактісін растайтын жүкқұжаттың электрондық көшірмесін тіркей отырып, веб-портал арқылы тауарды қабылдап алу-беру актісін ресімдейді;

3) тапсырыс беруші тауарды қабылдайды;

4) «Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымының қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 77 бұйрығына сәйкес  Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10423 болып тіркелген электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы жазып берілген электрондық шот-фактураны ресімдеу;

5) тапсырыс беруші жеткізілген тауар үшін ақы төлейді.

Демек, тапсырыс беруші жеткізілген тауар үшін ақыны Өнім берушіге Қағиданың 426-тармағы 1)-4) тармақшаларында қарастырылған шараларды орындағаннан кейін жүзеге асырады.

 

7-сұрақ: Тауар қай уақытта қабылданды деп саналады: жүкқұжатқа қол қойылған күн бе әлде қабылдап алу-беру актісіне ме?

Жауап: Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында бекітілген (11.12.15ж.  №648 ҚР Қаржы министрінің бұйрығы) Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттың 5.3 және 5.4-тармақтарына сәйкес жеткізу Өнім беруші Тапсырыс берушіге тауарды техникалық ерекшелікте (Шартқа 2-қосымша)  көрсетілген талаптарға дәл сәйкестікте толық беру шартында жасалды деп есептеледі.

Осы Шарттың 5.3-тармағының талаптары сақталған кезде Тауарды жеткізу/беру күні деп өнім берушінің веб-портал арқылы тапсырыс берушіге тауарды қабылдап алу-беру актісін жіберген күні есептеледі.

Қағидалармен бекітілген Көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттың 5.3-тармағына сәйкес өнім беруші Тапсырыс берушіге осы Шартқа қосымшаларда көрсетілген талаптарға дәл сәйкестікте қызметті толық тапсыруы шартында Қызмет көрсетілді деп есептеледі.

Мемлекеттік сатып алу веб-порталында электрондық акті нысанында өнім берушінің актіні жасаған күні, актіні тапсырыс берушіге жіберген күні, өнім берушінің актіге қол қойған күні, тапсырыс берушінің актіге қол қойған не оны қабылдаудан бас тартқан күні көрсетіледі.

Сонымен қатар, одан кейін акті автоматы түрде жүйемен жіберілетін тауарларды, өнім берушінің (бекітушінің) актіге қол қойған күні орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді қабылдау-беру актісінің күні болып есептеледі.

 

8-сұрақ: Өнім беруші әрбір тауарды қабылдап алу-беру актісіне мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жергілікті қамту туралы есеп беруге міндетті ме?

Жауап: Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 426-3-тармағына сәйкес өнім беруші шарттық міндеттемелерін толық орындағаннан кейін тауарларды қабылдау-беру актілерімен, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актілерін бір мезгілде тапсырыс берушіге веб-портал арқылы Қағидаларға 22-4 және 22-5-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша электрондық-цифрлық қолтаңбамен бекітілген тауарлардағы, жұмыстардағы, қызметтердегі жергілікті қамту үлесі бойынша есеп жібереді.

Осылайша, егер тауарларды қабылдау-беру актілері, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актілері шарттың толық емес сомасына қол қойылатын болса, онда өнім беруші жергілікті қамту туралы есепті ұсынбайды.

Бұл ретте, шарттық міндеттемелер толық орындалғаннан кейін тауарларды қабылдау-беру актілерімен, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актілерімен бір мезгілде өнім беруші тапсырыс берушіге веб-портал арқылы тауарлардағы, жұмыстардағы, қызметтердегі жергілікті қамту туралы есеп жіберугі тиіс.

 

9-сұрақ: Шартқа қандай қосымшада тауар жеткізу мерзімі көрсетіледі?

Жауап: Қаржы министрінің 2016 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекіту кезінде тауар жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімдерін көрсетеді.

Қағидаларға 19, 20, 21-қосымшаларға сәйкес 1-қосымша шарттың ажырамас бөлігі болып табылады, мұнда «Тауар жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімдері» жолының мәні мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарынан мәліметтерге сәйкес веб-порталмен толытырылады.

Осылайша, шартқа қосымша болып табылатын 1 «Сатып алынатын тауарлар (жұмыстар/көрсетілетін қызметтер) тізбесі» қосымшасының № 9 бағанында мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекіту кезеңінде тапсырыс беруші көрсететін өнім берушінің жоспарлаған тауар жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету туралы ақпарат көрсетіледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу кезекті рәсімдерін жүргізу мерзімдері жоспарланып отырған тауарларды жеткізу (жұмыстарды орындау, көрсетілетін қызметтер) мерзіміне өзгерістер енгізу қажеттілігін негіздейді, тапсырыс берушілердің шарт жасасудың алдында мемлекеттік сатып алудың веб-порталында шартқа 1-қосымшада көрсетілетін «Шарт бойынша тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімі» деген жолда тауарды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің қажетті мерзімдері туралы ақпаратты көрсетуге мүмкіндігі бар.

Осылайша, жасалған шартқа 1-қосымшаның «Шарт бойынша тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімі» деген бағанда көрсетілген мәліметтер шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдері бойынша талабы болып табылады.

 

10-сұрақ: Мемлекеттік сатып алуға Қазақстан Республикасының бейрезидент әлеуетті өнім берушілердің қатысуына жол беріле ме? Олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт қандай нысанда жасалады?

Жауап: Мемлекеттік сатып алу туралы заңнама мемлекеттік сатып алуға Қазақстан Республикасының бейрезидент әлеуетті өнім берушілердің қатысуына жол береді.

Осылай, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім беруші өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ұсынатын нақ сондай құжаттарды не Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынады.

Бұдан басқа, Заңның 2-бабы 22) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк сатып алу туралы шарт – осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт.

Заңның 43-бабы 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40), 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

Бұл ретте, Заңның 43-бабы 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезидентімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ол ұсынатын нысанда ресімдеуге жол беріледі.

Мәселен, Азаматтық кодекстің (бұдан әрі – Кодекс) 151-бабы 1-тармағына сәйкес мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).

Кодекстің 152-бабы 1-1-тармағына сәйкес мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалатын белгіленген.

Осылайша, қолданыстағы заңнама Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім берушілермен электрондық нысанда ғана емес, қағаз тасығышта да мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жасасу мүмкіндігіне жол береді.