Print previewPrint

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кувейт Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге қол қою туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы туралы

4/25/2014

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Кувейт Мемлекетінің Yкiметi арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) жасауды жоспарлап отыр.

Осы Келісімнің мақсаты инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту болып табылады. 

Келісім қандай да бір уағдаласушы мемлекеттің резиденттері заңды және жеке тұлғаларының табыстарына қосарланған салық салуды болдырмауды көздейді.

Келісімде оларға сәйкес табыстың пайда болу көзі болып табылатын мемлекетте дивидендтерге (10-бап), пайыздарға (11-бап) және роялтиге (12-бап) төмендетілген ставкалар бойынша салық салынуы мүмкін ережелер көзделген. Келісімнің 5-бабына (тұрақты мекеме) сәйкес, егер бір уағдаласушы мемлекеттің заңды тұлға – резиденті кәсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме құрмай жүзеге асырса, ол екінші уағдаласушы мемлекетте табыс салығын төлеуден босатылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында мұндай босату көзделмеген. Келісімнің негізгі мақсаты болып табылатын қосарланған салық салуды болдырмау Келісімнің ережелеріне сәйкес уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы салық төлеушіге бір-ақ рет – уағдаласушы мемлекеттердің бірінде ғана салық төлеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін рәсімді білдіреді. Екінші мемлекет оған төленген салық сомасын есепке алады.

Келісімнің жекелеген баптары кемсітпеу, ақпарат алмасу сияқты бірқатар жалпы мәселелерді, сондай-ақ Келісімнің күшіне енуі, оның қолданылуын тоқтатуы жөніндегі бірқатар рәсімдік мәселелерді көрсетеді.

Мұндай Келісімнің болуы салық қатынастарының қалыпты тұрақтылығына кепілдік береді, табыстарға қосарланған салық салуды болдырмайды және сол арқылы екі мемлекет арасында неғұрлым тығыз экономикалық байланыстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Келісімнің 28-бабына сәйкес уағдаласушы мемлекеттер оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламаны алған күннен күшіне енеді.

Келесімнің ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленгеннен өзге ережелерді көздейтінін ескере отырып, осы халықаралық шартты ратификациялау талап етіледі.

Халықаралық шартты ратификациялау оған қол қойылғаннан кейін жоспарланып отыр.