Print previewPrint

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Ә. Смайыловтың республикалық бюджетті нақтылау мәселесі бойынша Үкімет отырысында баяндамасы

7/2/2019

Мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларын, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы" Президент Жарлығын іске асыру мақсатында Үкімет 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын әзірледі.

Нақтылауды ағымдағы жылдың сәуір айында түзетілген  2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын сақтай отырып өткізу ұсынылады.

2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады:

түсімдер – 10 568,6 млрд. тенге;

шығыстар – 11 933,2 млрд. теңге;

тапшылық – 1 364,6 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,1 %.

Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен іске асырылатын болады (370 млрд. теңгеден 300 млрд. теңге).

Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылды.

Бірінші. Халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту.

Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді.

250 мыңнан астам қарыз алушы үшін бұл негізгі борышы мен сыйақыны қоса алғанда, берешектің жалпы мөлшерін толық төлеу дегенді білдіреді.

Қалған қарыз алушылар үшін мөлшері 300 мың теңге мөлшерінде олардың борышының бір бөлігі өтеледі, бұл олардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық жүктемесін азайтуға едәуір қолдау болады.

Осы мақсаттарға жоба 88,5 млрд. теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр.

Екінші. Жұмыспен қамту, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейту.

Бұл мақсаттарға 138,6 млрд. теңге бағытталатын болады, оның ішінде:

1,5 млрд. теңге ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін жоғары оқу орындарына қосымша 5 мың білім беру гранттарын бөлуге;

2,4 млрд. теңге ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап техникалық және кәсіптік білім беруде жұмысшы мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің стипедиясын 30 пайызға ұлғайтуға. Бұл 122,0 мың оқушыны қамтиды;

49,2 млрд. теңге «Бастау Бизнес», қысқа мерзімді кәсіптік білім беру тетіктері арқылы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдарда микрокредиттеу көлемін және стартап жобаларға берілетін гранттар санын ұлғайтуға;

14,4 млрд. теңге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 10 мың адамды қамти отырып жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу көлемін 1 мың пәтерден 3 мың пәтерге дейін ұлғайтуға;

70 млрд. теңге атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін ағымдағы жылдың 1 сәуіріне көшіруге байланысты қаражаттың қажеттілігін жабуға;

1,1 млрд. теңге техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, жоғарғы оқу орындары студенттерін оқытуға.

Үшінші. Жобада Үкімет резервін 72,9 млрд. теңгеге ұлғайту ұсынылады.

Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталатын болады.