Print previewPrint

Парламент Мәжілісінде Республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстыруға Қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Ш.Шолпанқұловтың баяндама жобасы

10/3/2019

Парламент Мәжілісінде Республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстыруға Қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Ш.Шолпанқұловтың баяндама жобасы

Сіздің қарауыңызға 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы ұсынылып отыр. Нақтылау жобасы Президент, Елбасы белгілеген, сондай-ақ 2019 жылдың бюджетін атқару шеңберінде бірқатар міндеттерді шешуге бағытталған.

Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері былай қалыптасты:

түсімдер – 10 663,5 млрд. теңге;

шығыстар – 12 028,1 млрд. теңге;

тапшылық – 1 364,6 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,1 %.

Ағымдағы жылдың 9 айындағы атқару қорытындылары бойынша бюджет түсімдері 94,9 млрд. теңгеге ұлғаюмен  түзетілді.

Шығыс бөлігі осындай сомаға мынадай бағыттар бойынша ұлғайтылды:

1. Әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында мыналарға қаражат көзделді:

 алушылар контингентінің ұлғаюына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлеуге сомасы 36,9 млрд. теңге;

медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау объектілерін салуды жалғастыруға - 23,3 млрд. теңге;

Осы шығыстар мыналарға бағытталды:

- емделген жағдайлардың саны артуына байланысты стационарлық медициналық көмек;

- Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынақтан өткізу;

- Өскемен қаласында 200 төсектік қалалық балалар ауруханасының және Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 100 төсектік перзентхананың құрылысын аяқтау, сондай-ақ Ақтөбе қаласында облыстық перинаталдық орталық құрылысын жалғастыру.

Негізгі мәселелерді шешу бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ішінде қаражатты қайта бөлу жолымен жүзеге асырылатын болады.

Нақтылауды ескере отырып, әлеуметтік блоктың шығыстары 6,7 млрд. теңгеге ұлғаюмен 5,4 трлн. теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 44,9% - ын құрады.

2. Нақты сектор шығыстары 15,6 млрд. теңгеге ұлғайтылған және 2,2 трлн. теңгені құрайды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып:

салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беруге және салымдар бойынша сыйлықақы төлеуге 17,1 млрд. теңге көзделген;

Бұл қаражат нақты түскен өтінімдерді ескере отырып, қосымша 1 666 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй жинақтары жүйесінің жаңа қатысушыларына салымдар бойынша сыйлықақы төлеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

жолаушылар вагондары паркін, санитарлық техника мен машина жасау саласының жобаларын жаңартуды қаржыландыру үшін өнеркәсіпті қолдауға 36,7 млрд. теңге көзделген

Павлодар және Ақтөбе облыстарының қажетті суармалы жерлерінің гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялауға 8,0 млрд. теңге көзделген;

Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға 7,2 млрд.теңге көзделген. Пилоттық жоба ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге және жеке қосалқы шаруашылықтарға
2,5 пайыздан аспайтын номиналды жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5-7 жылға 2000-нан астам бюджеттік кредиттер мен микрокредиттер беруді көздейді.

Төтенше жағдайлар кезінде ден қою уақытын қысқарту, халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету, сондай-ақ тікұшақ индустриясын дамыту мақсатында авиапаркті дамытуға және мамандандырылған әуе кемелерімен толықтыруға
21,1 млрд.теңге көзделген.

Бұдан басқа, заң жобасын дайындау кезінде:

- жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыру ескеріле отырып, шығыстарды түзету;

- бюджет қаражатын үнемдеуді және ағымдағы жылдың
9 айындағы атқаруды ескере отырып, азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға өңірлер мен бюджеттік бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлу ескерілді.

Жылыту маусымын үздіксіз өткізуді қамтамасыз ету, жылу жеткізу объектілерін жылыту кезеңіне дайындау үшін, сондай-ақ басқа да шұғыл мәселелерді шешу мақсатында Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резерві 61,8 млрд.теңгеге ұлғайтылды.

Аталған қаражат шеңберінде нормативтік негіздер қабылданғанға дейін «Казагроның» облигациялық займдары бойынша купондық сыйақыны субсидиялауға (БЖЗҚ және ӘСМҚ алдында міндеттеме) 33,2 млрд. теңге резервке қойылды.

Ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылаудың негізгі бағыттары осындай.