Print previewPrint

ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.А. Смайыловтың өнімді емес шығыстарды оңтайландыру мәселесі бойынша 2020 жылғы 18 ақпандағы Үкімет отырысына баяндамасы

2/24/2020

Президент 24 қаңтарда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы приоритетті емес шығыстарды қысқарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Құрметті әріптестер!

Президент 24 қаңтарда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы приоритетті емес шығыстарды қысқарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін шығыстарды талдау бойынша жұмыс жүргізілді және оларды қысқарту бойынша ұсыныстар әзірленді. Осы ұсыныстар ағымдағы жылдың бюджетін нақтылау және келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде жүзеге асырылатын болады. Жалпы алғанда шығыстарды оңтайландыру бойынша жалпы сомасы 128,6 млрд. теңгеге ұсыныстар берілді, оның ішінде мемлекеттік органдардан 23 млрд. теңге, өңірлерден 26,6 млрд. теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен 79 млрд. теңге. Мемлекеттік бюджет бойынша оңтайландыруға мынадай шығыстар ұсынылды: семинарлар, конференциялар өткізуге, автокөлік, жиһаз сатып алуға арналған шығыстар – 4,2 млрд. теңге, іссапар, өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеулер – 15,7 млрд. теңге, өзге де өнімді емес шығыстар – 29,7 млрд. теңге. Өз кезегінде Қаржы министрлігінің 2018-2019 жылдары бюджетті атқару, бюджет заңнамасының жаңа нормалары, сондай-ақ инвестициялық жобалардың толық және уақтылы игерілуін бағалау негізінде шығыстарды оңтайландыру бойынша қосымша ұсыныстары бар. Осыған сәйкес, әкімшілермен бірлесіп 2020 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде ескеру үшін шығыстарды қосымша оңтайландыру сұрағы пысықталатын болады. Жергілікті бюджет шығыстары бойынша. Өңірлер 26,6 млрд. теңге сомасында қаражатты оңтайландыруды ұсынды. Сондай-ақ, Қаржы министрлігі 2019 жылға жергілікті бюджеттердің атқару қорытындыларын қарады. Өткен жылы жергілікті бюджеттердің кірістері асыра орындалды. Нәтижесінде бос қалдықтар қалыптасты. Осыған байланысты, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен іске асырылатын жобалар бойынша өңірлердің қоса қаржыландыру үлесін қосымша 7%-ке ұлғайту ұсынылады. Бұл республикалық бюджетте 36,9 млрд. теңгеге қаражатты босатады. Одан басқа, 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті Парламентте қорғау шеңберінде Үкімет дивидендік саясатты қайта қарау бойынша міндеттеме қабылдады, оның нәтижелері бюджетті нақтылау кезінде ұсынылатын болады. Баяндалғанды ескере отырып:

1. Мемлекеттік органдар мен өңірлер Қаржы министрлігінің ұсыныстарын ескере отырып шығыстарды қосымша оңтайландыру бойынша жұмыс жасау керек. 2. Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджетке төлеп отырған дивидендер көлемін 50%-ке дейін жеткізу мәселесін пысықтауды жылдамдату қажет.

Назарларыңызға рақмет!