Print previewPrint

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі Ә.А. Смайыловтың ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және темір жол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы бойынша баяндамасы.

12/5/2019

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі Ә.А. Смайыловтың ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және темір жол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы бойынша баяндамасы.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

 

Құрметті депутаттар!

 

Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджеттік, салықтық заңнаманы және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы енгізіліп отыр.

Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясының ашылуында оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын.

Тапсырманы орындау үшін министрлік осы заң жобасын әзірледі.

Бүгінгі таңда банкроттық рәсімінен 4 мыңға жуық бизнес субъектісі өтуде, 400 кәсіпорын оңалту сатысында.

Іс жүзінде, күрделі қаржылық жағдайдағы бизнес субъектілері айтарлықтай көп.

Қолданыстағы заң кәсіпкерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді.

Әрбір төртінші жағдайда сот банкрот деп танудан бас тартады.

Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын.

Сот болар-болмас активтің болуын қарыздар бойынша есеп айырысу мүмкіндігі ретінде бағалайды.

Осындай жағдай оңалту аясында да байқалады.

Борышкердің төлем қабілеті бар немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін ресурстардың бар екенін дәлелдей алмады деген себеппен сот көп жағдайда оңалту рәсімін қолданудан бас тартады.

Осыған байланысты, заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін жағдайларды жеңілдетуге, сондай-ақ рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқартуға және әрекетсіз борышкерлерді жабуды жеңілдетуге бағытталған.

Бірінші. Оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін шарттарды жеңілдету.

Заң жобасы борышкердің немесе кредитордың оңалтуды қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге негіз ретінде уақытша төлем қабілетсіздігін қарауды ұсынады.

Яғни борышкер 4 айдан астам міндеттемелерді орындай алмаса, оңалту рәсімін қолдануға құқығы бар.

Банкроттық бойынша да осындай жағдай.

Борышкер, егер міндеттемелердің активтерден тұрақты түрде асып тұрғаны байқалса сотқа жүгінуге құқылы.

Кредитор соманы өндіріп алу туралы сот актісі, атқарушылық құжат немесе борышкердің қарызды мойындауы болған жағдайда, сотқа жүгінуге құқысы бар.

Осылайша, заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдеріне кіруді жеңілдетеді.

Сондай-ақ, заң жобасы жеке кәсіпкерлерге оңалтуға мүмкіндік береді.

Екінші. Банкроттық рәсімін өткізу мерзімін қысқарту.                      

Кредиторларға процесстің нәтижесіне тікелей қызығушылық танытатын тұлғалар болғандықтан, рәсімдерде бастаушы рөл беріледі.

Кредиторлар жиналысы уақыт пен қаржы жағынан шығынды және барлық кредиторлардың қатысуын талап етеді.

Өз кезегінде, кредиторлар комитеті жиналыстың өкілдік органы болып табылады және оны шақыру рәсімі жеңілірек.

Сол себепті, кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттігін тез әрекет жасайтын кредиторлар комитетіне беру ұсынылады.

         Сондай-ақ, заң жобасымен кепілді кредитор мен әлеуметтік бағыттағы кредиторлар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін түзетулердің енгізілгенін атап өткен жөн.

Қазір кепілді кредиторлар еңбекақыны қоса, басқа кредиторлардың барлығының алдында басымды құқыққа ие.

Заң жобасында, кепілді кредитор 1 жұмыскерге үш ең төменгі жалақыдан аспайтын көлемде еңбек ақы бойынша талаптарды өтегеннен кейін ғана кепіл мүлкін өз талаптарын қанағаттандыру есебіне ала алады деп белгіленген.  

Әдейі және жалған банкроттық үшін жауапкершілікті белгілейтін заң жобасының қағидаларын бөлек атап өту керек.

Заң жобасында «Жалған банкроттық» құрамын алып тастау және «Әдейі банкроттық» құрамын нақтылау ұсынылады.

Мұнда кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында мүлкін иеліктен шығарғандарға баса назар аударылатын болады.

Үшінші. Ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейтін борышкерлерді банкроттық рәсімін қозғамай жеңілдетілген түрде тарату.

Жұмыс істемейтін шаруашылық субъектілерін тарату  үшін заң жобасы әкімшілерді тартпай борышкерлерге жеңілдетілген банкроттық рәсімін қолдануды ұсынады.

Сонымен қатар, заң жобасымен келесі түзетулер ұсынылады:

- Бюджеттік кодексіне бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және тиімсіз пайдалану ұғымын енгізу;

- «Теміржол көлігі туралы» Заңға уәкілетті органның құзыретін магистральдық теміржол желісін және теміржол көлігінің жылжымалы құрамын дамыту мақсатында шығарылған тасымалдаушының облигациялары бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау ережелерін және үлгілік шартын әзірлеумен және бекітумен толықтыру;   

- «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға салық төлеушілердің кейбір санаттарын қоспағанда, арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар 2020 жылдан бастап корпоративтік (жеке) табыс салығын, әлеуметтік салығын, бірыңғай жер салығын төлеуден босату бойынша түзетулер ұсынылады.

Қорытындылай келе, заң жобасын дайындау кезінде шетелдік тәжірибе пайдаланғанын атап өткім келеді.

Ұсынылып отырған бастамалар бизнес субъектілерінің оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдануды 32%-ке жандандыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Өз кезегінде, мерзімдерді 20%-ке дейін қысқарту және оларды жүргізу шығындарын 40%-ке дейін қысқарту Дүниежүзілік Банктің "Doing Business" рейтингіндегі "төлем қабілетсіздігін шешу" индикаторы бойынша Қазақстанның позициясына оң әсерін тигізеді.

Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын!

Назарларыңызға рақмет!