Print previewPrint

«Жаңа міндеттер жағдайларында мемлекеттік қаржы-қаражаттың ашықтығы мен теңгерімділігі» тақырыбында ҚР Парламентінің Сенатында өтетін парламенттік тыңдауларға Қаржы министрі Б.Т.Сұлтановтың баяндамасы Астана қ., Парламент Сенаты, 17 наурыз 2017 жыл

3/17/2017

Жаңа міндеттер жағдайларында мемлекеттік қаржы-қаражаттың ашықтығы мен теңгерімділігі

Құрметті Рашит Сайранұлы!

Құрметті депутаттар!

 

Тәуелсіз Қазақстанның даму уақыты ішінде үлкен экономикалық және саяси реформалар өткізілді. Бұл ретте, қазіргі уақытта бүкіл елімізбен бірге бюджет жүйесін құру да, оны дамыту да үшінші жаңғыртудың табалдырығында тұр.

Экономикалық саясат мақсаттары тобының: теңгерімділіктен тиімді теңгерімділікке,  ашықтыққа, есеп беруге және алдын ала бақылауға кеңеюі де осыны көздеп отыр.

2015 жылғы мамырда Мемлекет басшысы әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына Қазақстанның кіруі үшін бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадамды белгілеген болатын. Оның бір бөлігі «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» жөніндегі реформаны жүзеге асыруға бағытталған.

100 қадам шеңберінде Үкімет ашық үкіметті енгізу бойынша шаралар қабылдады, онда мынадай іс-шаралар іске асырылды:

Бірінші. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды;

Екінші. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес әрбір мемлекеттік органның жанынан тиісті жаңа құрылымдар ашылды;

Үшінші. Есеп комитеті бюджетті жоспарлау сатысында бақылауды енгізді.

Осы шаралар транспаренттілікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәйкес келеді. Міне осы жерде жыл сайын Бюджет жөніндегі халықаралық әріптестік (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Doing Business, Дүниежүзілік Банк, International Budget Partners, Халықаралық валюта қоры) жүргізетін бюджет ашықтығын тексеру барысында анықталатын нашар тараптарды пысықтау өз рөлін ойнайды.

Осылай, 2008 жылы бағаланатын 85 елдің ішінде  Қазақстанға 35 балл берілді, ал 2015 жылы бағаланатын 102 елдің ішінде Қазақстанға 51 балл, бұл ретте орташа әлемдік көрсеткіш - 45 балл екенін айту қажет.

Бюджет теңгерімділігі туралы айтқанда, 4 негізгі бағытты атап көрсеткім келеді.

Бірінші - Кірістер. Бұл бағытта салық салынатын базаны кеңейту, «көлеңкелі экономиканы» азайту және  салық жүйесін цифрлау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Екінші - Шығыстар. Шығыстардың негізгі басымдықтары:

Біріншіден, мемлекеттің бұдан бұрын қабылдаған міндеттемелерін орындау;

Екіншіден, шығыстарды қайта бағдарлау және олардың тиімділігін арттыру бөлігінде шығыстарды оңтайландыру болып табылады.

Үшінші – Тапшылық - бюджет кірістері мен шығыстарының негізгі теңгерім құралы болып саналады.

Төртінші – Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының қаражатын тұтыну мен жинақтауды оңтайландыруға бағытталған мұнай түсімдерін жинақтау.

Сонымен:


 

Кірістер. Министрлік республикалық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша Іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Жоспарға жалған кәсіпорындар мен тіркелуі жарамсыз деп танылған тұлғалардың контрагенттерімен жұмыс істеу жөнінде жұмыстар; салықтық тексерулер; мемлекеттік сатып алуға қатысушылармен жұмыс істеу; жалған кәсіпкерлікке, экономикалық контрабандаға қарсы іс-қимыл шеңберінде залалды өтеу бойынша көрсеткіштерді жақсарту және тағы басқалар енгізілді.

Бұл ретте салықтық әкімшілендіруді жақсарту бойынша іс-шаралар шеңберінде камералдық бақылау тиімділігін арттыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Екінші жағынан, мемлекеттік әкімшілік бақылауды азайту мақсатында Қаржы министрлігі «Халықтық бақылау» тетігін белсенді қолданады.

«Халықтық бақылау» тетігі «рейдтік» тексерулерді сатып алушыларға беруге мүмкіндік береді. Енді қазір сатып алушы сатушыға өзі «табиғи іріктеу» жүргізеді.

Е-аудитті енгізу бақылау шараларын реформалаудың жалғасы болады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің үлгісі бойынша Қаржы министрлігі мамандандырылған бағдарламалық қамтуды пайдалану жоспарланып отыр. Осылайша біз тексерушінің салық төлеушімен тікелей байланысты барынша азайтуды және тексеру жүргізу мерзімдерін қысқартуды жоспарлап отырмыз. (Енгізу мерзімі 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап көзделеді (ірі төлеушілер үшін).

Шығыстар. Елдің жыл сайынғы бюджеті бірқатар негізгі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді:

1) жұмыс орындарын сақтау және бюджеттің әлеуметтік құрамын одан әрі арттыру жөніндегі шараларды қолдана отырып, барлық ағымдағы міндеттемелерді орындау;

2) индустриаландыруды қолдау, аграрлық секторды, шағын және орта бизнесті, көлік, су, энергетикалық және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту арқылы тұрақты экономикалық өсім үшін жағдайлар жасау жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыру;

3) мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

4) экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бюджет тапшылығының барынша төмен параметрлерін қабылдау және Ұлттық қордың қаражатын үнемді әрі тиімді пайдалану есебінен капиталдың сыртқы көздерінен тәуелділікті төмендету;

5) одан әрі орталықсыздандыру және өңірлерді қаржылық нығайту, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу.

Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар іс-шараларды айтып өтті, олардың бір бөлігі 2017 жылға нақтыланған республикалық бюджетте көзделгенін атап өткім келеді.

Бұл ретте, ұзақ мерзімді перспективада қаражаттарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметтің жанынан тиісті комиссия құрылды, оның миссиясы:

- бюджет заңнамасын талдау;

- бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен заңдылығы бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижелерін қарастыру;

- бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін арттыру мақсатында тиісті ұсынымдар беру болып табылады.

Тапшылық – бюджет теңгерімінің негізгі құралы ретінде бюджеттің шығыс және кіріс бөліктерін тепе-тең етуге мүмкіндік береді.

Орта мерзімді перспективада бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімге қарағанда 1%-ке дейін төмендету жоспарланып отыр, мұның өзі ел экономикасының сыртқы факторлардан тәуелділігін және Үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша бюджетке түсетін ауыртпалықты төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте мұнай емес тапшылықты жалпы ішкі өнімге қарағанда 7%-ке дейін төмендету, яғни республикалық бюджеттің мұнай «шаншуларынан» тәуелділігін төмендету саясаты жүргізіліп отыр.

Мұнай емес тапшылық саясатын қайта қарау мұнай түсімдерін жинақтау деген төртінші бағытты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мұнай түсімдерін кейінгі ұрпаққа жинақтау мақсатында 2020 жылдан бастап республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт теңгемен абсолютті мәнде тіркелетін болады. Бұл ретте жаңа ережеге баппен ауысу үшін Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері кезең-кезеңмен төмендетіледі: 2018 жылы – 2 600 млрд. теңге; 2019 жылы – 2 300 млрд. теңге; 2020 жылы және алдағы жылдары - 2 000 млрд. теңге.

Жоғарыда көрсетілген барлық құрамдас бөліктер тиісті бюджет заңнамасымен реттеледі және бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғастырылады.

Осылайша, нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді жетілдіру шеңберінде 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде республикалық деңгейде бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру жөнінде жұмыс атқарылды.

Нәтижесінде бюджеттік бағдарлама әкімшілерінде бюджетті атқару кезінде икемділік, бюджеттік бағдарлама шеңберінде бюджет қаражатын дербес басқару мүмкіндігі пайда болды.

Қазіргі уақытта жергілікті деңгейде бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру мәселесі қарастырылып отыр.

Сонымен бірге, қазіргі бюджеттік жоспарлау жүйесі кассалық негізде, алынатын және төленетін ақшалай қаражат ағынында құрылғанын атап өтемін.

Ал алдыңғы қатарлы халықаралық практикада есептеу қағидаты пайдаланылады. Бұл қағидат операциялар нәтижелерін төлем уақытына қарамастан оларды жасау фактісі бойынша тануды қамтамасыз етеді.

Бұл қабылданатын шешімдердің тек ақша ағындарына ғана емес, сонымен бірге үкіметтің активтері мен міндеттемелеріне, оның ішінде ұзақ мерзімді сипаттағы міндеттемелерге ықпалының көрінісін алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Министрлік осы әдісті әзірлеу мен енгізу жөнінде жұмыс атқарып жатыр.

Бұл ретте бюджеттің кірістерін дұрыс болжамдау және шығыстарын тиімді жоспарлау жеткіліксіз. Бюджет қаражатының нәтижелілігі де маңызды фактор болып табылады. Яғни, бөлінген бюджет қаражатын әкімшілердің игеруі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды уақтылы әрі сапалы жүргізуі.

2015 жылғы желтоқсанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң (жаңа редакцияда) қабылданған болатын, ол мемлекеттік сатып алу процесін жеңілдетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді тетіктерін енгізуге және қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Жаңа Заңды енгізуге байланысты мемлекеттік сатып алу веб-порталының жаңғыртылған функционалы www.goszakup.gov.kz. іске қосылды.

Сондай-ақ, 2016 жылы экономикаға мемлекеттің қатысу үлесін төмендету бойынша шаралар қабылданғанын атап өткен жөн.

2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес мемлекеттік меншіктегі объектілерді жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелес ортаға беру процесі жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын есепке ала отырып, кәсіпорындарды жекешелендіру процесі жылдамдатылатын болады және 2018 жылға дейін аяқталады.

Қорытындылай келе, қазіргі уақытта Министрлік мемлекеттік қаржыны – кірістер, мемлекеттік сатып алу және  жекешелендіру бағыттары бойынша жаңғырту барысында ауқымды жұмыс жүргізіп отыр.

Бағыттарды іске асыру жалпы ішкі өнімнің салық сыйымдылығын кеңейту, бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту, сыртқы сауда айналымын жылдамдату, экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру арқылы жүзеге асырылатын болады.

Бұдан басқа, мемлекеттік бюджет шығыстарының бір бөлігін, мемлекеттік-жекеше әріптестік қағидаттарын қолдана отырып, бәсекелес ортаға беру мүмкіндігі қаралуда.

Осы шаралардың арқасында біз белгілі бір мерзім ішінде бюджетке айтарлықтай «босатылған» шығыстар алуды жоспарлап отырмыз. Олар  білім мен ғылым және ғылымды қажет ететін салаларды дамыту арқылы адами капиталды дамытуға қайта бағытталатын болады. 

 

Назарларыңызға рахмет!