Print previewPrint

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы бойынша ҚР Үкіметінің отырысына ҚР Қаржы министрі Б.Т. Сұлтановтың баяндамасы АСТАНА Қ., «ҮКІМЕТ ҮЙІ», 2017 ЖЫЛҒЫ 29 ТАМЫЗ

8/29/2017

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы бойынша

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!

Сіздердің қарауларыңызға «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның жобасы енгізіліп отыр.
 
Жобаның базалық сипаттамасы жаңа бюджет саясатының Тұжырымдамасы мен 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйке сайқындалды.

Болжамдар консервативтік болса да бюджетке түсетін түсімдердің құрылымы сапалы түрде өзгерді.

Мұнайлық емес түсімдердің көлемі ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 851,1 млрд. теңгеге немесе 19,3%-ке өсіп, 2018 жылы 5 271,4 млрд. теңгені құрайды.

Бұл оң өзгерістің негізгі факторлары ел экономикасын жаңғырту, макроэкономикалық  ахуалды тұрақтандыру және салықтық әкімшілендіруді жақсартуболды.

Бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің көлемі ағымдағы жылмен салыстырғанда 1 901,3 млрд. теңгеге төмендеді.

Бұл  Ұлттық қордан берілетін кепілдірілген трансфертті біртіндеп азайтуға және нысаналы трансферттен бас тартуға байланысты болды.

Сондай-ақ, мұнайдың бағасын барреліне 50 доллардан 45 долларға дейін түзетудің нәтижесінде экспорттық кеден бажынан түсетін  түсімдер көлемі азайды.

Шығыстарды оңтайландыру жүргізілді. Бұл ретте, бюджет  жобасы Үкіметтің алдына қойылған барлық міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Шығыстардың әлеуметтік бағытын нығайту арқылы адами капиталды дамыту жалғасатын болады. Бұл ретте, бұрын алынған міндеттемелердің барлығы орындалады.

Экономикалық өсу технологиялық жаңғыру және экономиканы цифрландыру, аграрлық секторды, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы қамтамасыз етілетін болады.
 
Сол сияқты бюджет жобасы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталды.
 
Республикалық бюджет шығыстары ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 134,6 млрд. теңгеге өсумен 2018 жылы 9 217,9 млрд. теңгені құрайды (банк секторын қолдауға арналған шығыстарды есепке алмағанда).

Шығыстар құрылымындағы ең үлкен үлес немесе 44,5% әлеуметтік сектор шығыстарына берілген. Ағымдағы жылмен салыстырғанда олар 400 млрд. теңгеден аса өсті.

Өсудің негізгі құрамдасы зейнетақылар мен бала туылу жәрдемақылары мөлшерінің ұлғаюы болып табылады. Мәселен, 2018 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс құрылымымен зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр.
 
Экономиканың нақты секторын дамытуға 2018 жылы 1,4 трлн. теңге көзделген. Ағымдағы жылмен салыстырғанда шығыстар көлемінің азаюы екі негізгі факторға байланысты болды.

Біріншіден, бағдарламаларды қаржыландыру көздерінің Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттен мұнайлық емес кірістерге өзгертілді, яғни келесі жылдары Республикалық бюджеттің көздерінен қаржыландырылатын болады.

Екіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ағымдағы және келесі жылдың бюджет қаражатын игеру болжамдары есепке алынды.
 
«Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 512,6 млрд. теңге, одан 2018 жылға 243,3 млрд. теңге сомасында шығыстар көзделді.

«Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 208,8 млрд. теңге, одан 2018 жылға
125,2 млрд. теңге бағыттау ұсынылып отыр.
 
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша 2018 жылға 195 млрд. теңге көзделді. Бұл шығыстар қаржы қызметтерінің (субсидиялардың) қол жетімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларға, су шаруашылығын және ветеринарияны дамытуға, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға жалпы сомасы 232,9 млрд. теңге, оның ішінде 2018 жылға 76,1 млрд. теңге көзделген.

2018 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 292,6 млрд. теңге жұмсалатын болады.
 
Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін, құқық тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге және ішкі тұрақтылықты қолдауға 2018 жылы шығыстар 1 088,9 млрд. теңгені (2019 жылы – 1 164,2 млрд. теңге, 2020 жылы – 1 219,9 млрд. теңге) құрайды.

Республикалық бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қарағанда 2018 жылғы 1,1%-тен 2019-2020 жылдары 1,0%-ке төмендейтін болады. Бұл мемлекеттік борыш көлемін шекті деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері осындай.

Бүгін заң жобасы Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесіп Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге дайындалатын болады.
 
Қолдау көрсетуіңізді сұраймыз!