Print previewPrint

«2017 жылдың 8 айындағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы» мәселе бойынша ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Қаржы министрі Б.Т. Сұлтановтың баяндамасы

9/19/2017

Астана қ.,Үкімет үйі, 2017 жылғы 19 қыркүйек 10-00

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Құрметті әріптестер!

 

Ағымдағы жылдың 8 айындағы бюджеттің атқарылуы экономиканың өсуі шартында қамтамасыз етілді.

Ұлттық экономика министрлігі баяндаған салалар дамуының оң нәтижелері мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуында да елеулі көрініс тапты.

Ағымдағы жоспарды орындау жағынан да, сол сияқты өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғандағы өсу қарқыны жағынан да оң серпін байқалды.

Мәселен, мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) өткен жылмен салыстырғанда 366,9 млрд. теңгеге немесе 108,9 процентке ұлғайды. Оның ішінде 105,9 процент өсу қарқынымен 172,2 млрд. теңгесі республикалық бюджет бойынша, ал 195,2 млрд. теңге немесе 115,8 процент жергілікті бюджеттер бойынша.


 

Бұл фактор қаржы секторын қолдаудың және жалпы сипаттағы трансферттерді қайта қараудың қосымша көздерін пайдаланумен қоса, мемлекеттік бюджет шығыстарының өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда дерлік 3 трлн.теңгеге немесе 47,6 процентке өсуіне алып келді.

Ағымдағы жылдың 8 айында шығыстардың жылдық көлемінен мемлекеттік бюджет бойынша – 69 процент. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7 пайыздық тармаққа жоғары.

Енді әрбір бағыт бойынша толығымен баяндаймын.

КІРІСТЕР

Ағымдағы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджетке (трансферттерді есепке алмағанда) 4 512,3 млрд. теңге мөлшерінде кірістердің түсуі қамтамасыз етілді. Артығымен орындалу 194,5 млрд. теңгені немесе есепті кезеңдегі жоспарға 104,5 процентті құрады.

Республикалық бюджет бойынша ағымдағы  жоспар 102,2 процентке  атқарылды немесе 3 083,4 млрд.теңге жиналды (жоспарда 3 016  млрд.теңге), артығымен орындау 67,4 млрд. теңгені құрады.

Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің құрылымында қосылған құн салығы бойынша түсімдер – 34,3 процент, корпоративтік табыс салығы – 31,5 процент негізгі үлесті алып отыр. Ағымдағы жылы қосылған құн салығы бойынша қайтару сомасының 153,4 млрд. теңгеге ұлғаюы есебінен, өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығының үлесі азайды (2016 жылы 36,8 процент).

Жалпы алғанда өткен жылмен салыстырғанда барлық түсімдер бойынша ұлғаю байқалып отыр.

Ағымдағы өсу қарқынының негізінде қазіргі экономикалық ахуал сақталса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірістерінің 115 млрд. теңгеге артығымен орындалуы күтіліп отыр.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 1 429,7 млрд.теңгені құрады. Ол есепті кезеңге арналған жоспардың 109,8 процентін құрады (артығымен орындау сомасы 127,8 млрд. теңге).

Жоспардың негізгі артығымен орындалуы 80,6 млрд.теңгеге салықтық түсімдер бойынша байқалады, оның ішінде: жеке табыс салығы бойынша – 18,6 млрд.теңге (есепті жоспарға 104 процент, 2016 жылдың осыған ұқсас кезеңіне - 108,2 процент), әлеуметтік салық бойынша – 11,1млрд.теңге (тиісінше 103 процент және 109,9 процент), акциздер бойынша – 7,6 млрд.теңге (107,5 процент және 138,9 процент) табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсімдер бойынша – 11,3 млрд.теңге (120,2 процент және 119,3 процент).

Кірістер бойынша жоспар Астана қаласы бойынша– 6,8 млрд.теңгеге және Маңғыстау облысы бойынша - 2,4 млрд.теңгеге орындалмауын қоспағанда, барлық өңірлер бойынша артығымен орындалды.

 

ШЫҒЫСТАР

Мемлекеттік бюджет шығыстары 9 021,7 млрд.теңгені немесе есепті кезеңдегі жоспарға 97,7%-ті құрады.

Ағымдағы жылғы 8 айда республикалық бюджет шығыстары жалпы көлемнен 7 982,6 млрд.теңгеге игерілді немесе есепті кезеңдегі жоспарға 98,6%-ке игерілді.

Игерудің жақсы қарқынына қарамастан ағымдағы жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша атқарылмау 114,8 млрд.теңгені құрады. Оның ішінде 13,2 млрд.теңге – бюджет қаражатын үнемдеу. 101,6 млрд.теңге – игерілген жоқ.

Игерілмеудің ең үлкен өсуіне мынадай министрліктер жол берді:

денсаулық сақтау – 20,3 млрд.теңге;

мәдениет – 9,3 млрд.теңге;

ішкі істер – 9,3 млрд. теңге

қорғаныс – 7,9 млрд. теңге

ауыл шаруашылығы – 6,5 млрд. теңге

білім және ғылым – 6,4 млрд. теңге

Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 10,6 млрд. теңге

Игерілмеудің негізгі себептері:

Бірінші. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің сылбырлығы. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өткізілмеген конкурстар, оларды ұзақ өткізілуіне және уақтылы өткізілмеуіне, өткізілу уақытын кейінге қалдыруға байланысты 16,6 млрд. теңге игерілген жоқ; 6,9 млрд. теңге нормативтік-құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауына байланысты игерілмеген

Екінші. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан мердігерлердің жұмыстарына әлсіз әкімшілендіру және бақылау. Мердігерлердің орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларын уақтылы бермеу себебінен игерілмеу сомасы –29,1 млрд. теңге; өнім берушілердің орындалмаған шарттық міндеттемелері – 17,9 млрд. теңге; жұмыс жүргізу кестесінен артта қалу – 14,5 млрд. теңге.

Қаржы министрлігі апта сайынғы негізде министрліктермен және әкімдіктермен селекторлық режимде бейнеконференциялар өткізеді, күнделікті республикалық бюджет қаражатының атқарылуына онлайн-мониторинг жүргізеді.

Министрліктермен талқылау нәтижелері бойынша 2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде шамамен 280 млрд. теңгені қысқарту және қайта қарастыру ұсынылады. Оның ішінде Үкімет резервінің бөлінбеген қалдығы 60 млрд. теңге сомасында; жобаларды Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп қаржыландыру бойынша бөлінбеген қалдық (Ұлттық экономика министрлігі) – 16,2 млрд. теңге; үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша айырма бағасы – 7 млрд. теңге.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 3 023 млрд.теңге сомасында немесе есепті кезеңге арналған жоспарға 96,7 процентте атқарылды.

Жоспардың атқарылмауының неғұрлым көп сомасы мынадай өңірлер бойынша қалыптасты: Астана қаласы – 29,4 млрд.теңге, Алматы қаласы – 13,5 млрд.теңге, Ақмола облысы  – 8,0 млрд.теңге, Шығыс Қазақстан облысы – 7,0 млрд. теңге, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 6,4 млрд.теңге.

Жергілікті бюджеттердің шоттарында кассалық қолма-қол ақша 390,4 млрд.теңгені құрады және жылдың басымен өңірлермен салыстырғанда 2,9 есеге өсті. Өсу барлық өңірлерде болды. Алайда бұл уақытша артық орындау, өйткені кірістердің бір бөлігі жоспардан асып түсті.

Неғұрлым ірі қалдықтар Алматы қаласында – 79 млрд.теңгеде, Атырау облысында – 43 млрд.теңгеде, Қарағанды облысында – 38 млрд.теңге, Астана қаласында – 35 млрд.теңгеде қалыптасты.

2017 жылға арналған республикалық бюджетте өңірлерге 1 085,4 млрд. теңге көзделді, оның ішінде нысаналы трансферттер - 998,4 млрд. теңге және кредиттер 89,1 млрд. теңге.

Есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге 667,4 млрд.теңге аударылды. Жергілікті деңгейде 624,0 млрд. теңге немесе есепті кезеңге арналған жоспарға 93,5 процент игерілді.

Жергілікті деңгейде жоспардың орындалмауы 43,3 млрд.теңгені құрады, оның ішінде 2,8 млрд. теңге – бюджет қаражатын үнемдеу. Өңірлер 40,6 млрд.теңгені игерген жоқ.

Жергілікті атқарушы органдардың түсініктемесі бойынша игерілмеу себептері: жұмыс кестесінен қалып қою, конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуі және сот талқылаулары, құрылысқа арналған құжаттарды түзету

және ауыл шаруашылығы субсидиялары бойынша өтеуге өтінімдердің болмауы болып табылады.

Неғұрлым көп игерілмеу Астана қаласында – 19 млрд.теңгеде, Алматы қаласында – 4 млрд.теңгеде, Ақмола облысында – 3,6 млрд.теңгеде, Қызылорда облысында – 2,0 млрд. теңгеде қалыптасты.

Өңірлер 2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде 67,9 млрд. теңге көлемінде бөлінген нысаналы трансферттерді де қысқартуды және қайта бөлуді ұсынады.

 «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеке баяндап өткім келеді. Ағымдағы жылдың 8 айында 272,7 млрд. теңге немесе есепті кезеңдегі жоспарға 99,9 процент игерілді.

 

МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ЖӘНЕ САТЫП АЛУ

Камералдық бақылаумен 6,7 трлн. теңге сомасында 436 мың рәсім қамтылды. 564 млрд. теңге жалпы сомасында 27 мың рәсім бойынша заңнаманы бұзушылықтар анықталды немесе бақылаумен қамтылған барлық рәсімдердің 6 проценті.

Бұзушылықтардың көп бөлігі мемлекеттік сатып алудың бастапқы кезеңдерінде анықталып, жолы кесіледі, бұл мемлекеттік сатып алу мерзімдеріне әсер етпейді.

Сонымен қатар, әлеуетті өнім берушілердің шағымдары бойынша 2 347 мемлекеттік сатып алудың немесе бүкіл тексерілгендердің 0,5 процентінің қорытындылары жойылды.

Жоюлардың негізгі себебі – бұл қатысушыларға алдын ала рұқсат берілген кезде өтінімді сәйкес келтіруге  құқық берілмеуі. (Мем. сатып алу туралы ҚР Заңының 27-бабы 4-тармағы).

Сонымен бірге, ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің мезімдерін өздері жиі созады, мысал үшін, Үкіметтің соңғы отырысында айтылған, 5 мектеп салу бойынша бюджет қаражаты игерілмеген 10 мектептен Конкурстық  комиссия өтінімдерді 10 күннің (заңнамада көзделген) орнына 31-40 күн қараған.

Осылайша, игермеу себебі ұйымдастырушылардың жеткіліксіз біліктілігі мен баяу қимылдауы болып тұр.

МЕМЛЕКЕТТІК АКТИВТЕРДІ БАСҚАРУ бойынша

2017 жылы барлығы 487 объекті сатылуға жатады.

Ағымдағы жылдың 8 айында 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарының сомасы 18 млрд. теңгеге 94 объектісі сатылды.

111 объекті қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр.

Жылдың аяғына дейін 282 объектіні сату қалып тұр, оның ішінде 118 объекті саудаға шығарылып та қойды. 164 объекті бойынша сатудан алдыңғы дайындық жүргізіліп жатыр, оның ішінде 95 объекті бағауда тұр.

***

 

Құрметті әріптестер!

Алдағы кезеңде Қаржы министрлігінің бірінші кезектегі міндеті бюджетті уақтылы және тиімді атқару болып табылады. Бұл үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің де, сол сияқты жергілікті атқарушы органдардың да жұмылдырылған іс-әрекеті қажет. Барлық қабылданған міндеттемелерді қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша проблема жоқ. Бұл үшін бюджет кірістерінің түсуін, шығыстардың атқарылуын күн сайын бақылап отыратын боламыз.

 

Назарларыңыз үшін рахмет!