Print previewPrint

Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қаржы министрі Б. Т. Сұлтановтың сөйлейтін сөзі, 2017 жылдың 19 маусымы

6/19/2017

Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында

Құрметті  Парламент Палаталарының төрағалары!

Құрметті депутаттар!

2016 жылға арналған бюджеттің атқарылуы  жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы  экономиканы жандандыруға бағытталған болатын.

Экономиканың өсуі 1%-ті құрады. Ол көлік саласында көрсетілетін қызметтердің көлемінің өсуі, ауыл шаруашылығында, құрылыста, оның ішінде тұрғын-үй құрылысында, өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Бюджеттің кірістері 7,7 трлн.теңгеге жетті. Бұл 2015 жылдың көрсеткіштерінен 1,5 трлн.теңгеге көп. Оның 30%-і трансферттерге келеді. Бюджеттің кірістерінің әліде болса Ұлттық Қордан тартылатын трансферттер мен әлемдік шикізат нарығы конъюнктурасының өзгеруіне тәуелділігі туралы сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды.

Сондықтан, экономиканың өсуі мен әрі қарай дамуы үшін біраз шаралар жоспарланып отыр. Бұл жоспардың нәтижелі болуы үшін біз бизнеске қолайлы  жағдай жасап, салық түсімдерінің жоғары қайтарылымын сақтап қалуымыз керек.

Кіріс кірмей, шығыс шықпайды деген мәтел бар.

Бұл ретте жұмысымыз салықтық түсімдерді ұлғайту мен бизнеске әкімшілік қысымдарды азайту аясында өтеді.  Мәселен, үстіміздегі жылы салық тексерулерді біз 37,5%-ке қысқартамыз.

Бұдан басқа Жаңа Салық кодексі жобасында  осы тексерулерге себеп болатын негіздемелердің  56%-і алынып тасталады. Сонымен, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалатын болады.

Жалпы салықтық тексерулерде горизонтальды мониторинг енгізіледі. Ол сенім, ашықтық және өзара тиімді принциптері бойынша қолданылады. Салықтық әкімшілендірудегі қызметтерді одан әрі ақпараттандыру да осы жұмысқа оң ықпалын тигізеді.

Тағы да бір қарастырылып жатқан маңызды мәселенің бірі ол тиімсіз салық преференциялардың санын қысқарту. Өздеріңізге белгілі, осы жеңілдіктер бизнеспен көбінесе салық төлудің мөлшерін  азайту үшін ғана қолданылады. Осыған байланысты қосылған құн, корпоративтік табыс салықтары және де жергілікті салықтар бойынша қолданыстағы жеңілдіктер қайтадан қаралады.

Бұдан басқа Әкімшілік  құқық бұзушылық кодексіне гуманизация аясында  тиісті өзгерістер енгізілу қарастырылуда.  Оның ең бастысы – ол  әкімшілік айыппұлдың көлемін  қысқарту  мен жазалаудың орнына ескерту институтын кеңінен қолдану.

***

Енді шығыстар жағынан көтерілген мәселелер туралы.

Шығыстар 98,3%-ке атқарылып, 1 трлн.338 млрд.теңгеге өсуімен игерілді.

 Бүкіл шығыстардың жартысынан астамы, яғни 4 трлн.теңге әлеуметтік салаға жіберілді. 4 млн. 980 мың адамға бюджеттен зейнетақы  мен жәрдемақы төленді.

Бюджет қаражатының игерілуін қадағалауда жаңа механизм – камералдық бақылау енгізілді.

Өткен жылы мемлекеттік сатып алуда  13,7 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оны тексеру объектілері дер кезінде өздері   түзетті.

Бұзушылықтарды төмендету үшін бюджеттің атқарылуы кезінде превентивтік шараларды  қолдануды күшейтеміз.

Бюджет қаражатының тиімділігін арттыру, игерілмеу мен бұзушылықтардың сомасын азайту бюджет заңнамасын жетілдіру жұмысының басты мақсаттары.

Бюджет заңнамасына келесі бағыттар бойынша өзгерістер енгізіледі.

Біріншіден, бюджет процессіндегі  әкімшілік кедергілерді азайту.

Бұл бағытта мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын игеруде бюджеттік бағдарламаның шеңберінде қаражатты қайта бөлу дербестіктері кеңейеді.  Бұл ретте әкімшілер мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі де күшейтілетін болады.

Екіншіден, мемлекеттік орган бюджет қаражатын игере алмайтын жағдайда ол басқа әкімшілікке Үкімет шешімімен қайта бөлінетін болады.

Үшіншіден, квазимемлекеттік сектордың шоттарында жатқан қаражаттарды қолдануды регламенттеу. Ол, қалдықтарды бюджет кірісіне қайтару немесе осы субъектілердің басқа инвестициялық жобаларын қаржыландыруға рұқсат беру арқылы шешуін табады. 

Жоспарлау кезінде қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден бермей, кезең-кезеңімен қарастырамыз.

Төртіншіден, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке инвесторларды тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау рәсімдері оңтайландырылады.

Бесіншіден, нысаналы даму трансферттері бойынша нәтижелер туралы келісім алынып тасталады. Бірақта, оларды пайдалануда қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есепті енгізу қарастырылды.

Осы айтқан шаралардың нәтижесінде қаражаттың нақты экономикаға тез жетуіне жағдай жасалады.

***

Келесі мәселе – ол мемлекеттік және квазимемлекеттік борышы туралы.

Макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін  2016 жылы бюджет саясаты бірқатар шектеулердің негізінде қалыптасты. Осының бірі – ол бюджет тапшылығының  көлемін бақылау.  

Бюджет тапшылығының мөлшері жоспардағы көрсеткіштен 161,5 млрд.теңгеге төмендеп, 741 млрд.теңгені құрады.

Екі палатаның жұмыс топтарында аса назар аудырылып талқыланған мәселе – ол мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың өсуі.

Алдағы уақытта бюджет тапшылығын  тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландыруды жоспарлаудамыз. Холдингтер мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алу операциялары Үкіметпен келісілетін болады.   

Борыштық жүктеменің қауіпсіз деңгейде болуы әрқашан қатаң бақылауда болады.

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Есепті қарау кезіндегі сұрақтарыңыздың және ұсыныстарыңыздың маңызы зор. Осы жерде қозғалған жүйелі мәселелер бізге салықтық әкімшілендірудегі, бюджет процесстеріндегі кемшіліктерді жетілдіруге көмек көрсетеді.

 2016 жылғы бюджеттің атқарылынуының қорытындыларын талқылау кезінде белсенділік танытқандарыңыз үшін Сіздерге зор алғысымызды  білдіреміз.

Назарларыңызға рахмет!