Print previewPrint

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі А. Смайыловтың Қазақстан Республикасы «2019 жылғы 10 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы қорытындылары туралы»

11/12/2019

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі А.Смайылов Үкіметке «Қазақстан Республикасының 2019 жылдың 10 айындағы мемлекеттік бюджетінің атқарылуы туралы» хабарлады.

Ағымдағы жылдың 10 айы ішіндегі кірістердің (трансферттерсіз) өсу қарқыны 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жоғары. Мемлекеттік бюджеттің кірістері 14%-ке өсті, республикалық - 17%-ке және жергілікті бюджеттер - 7%-ке.

Шығыстардың атқарылуы да жақсарды, мемлекеттік бюджет шығыстары – 98,7%, республикалық бюджет шығыстары – 99,2% және жергілікті бюджеттердің шығыстары – 98,4%.

Бюджет тапшылығы іс жүзінде есепті кезең жоспарынан едәуір төмен қалыптасты: мемлекеттік бюджет бойынша –
995 млрд теңге,
республикалық бюджет бойынша – 1 трлн 127 млрд теңге. Жергілікті бюджеттер бойынша 20 млрд теңге сомасында профицит қалыптасты.

Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгені құрады.

КІРІСТЕР БОЙЫНША

Республикалық бюджетке түсетін кірістер
5 трлн 285 млрд теңге сомасында немесе есепті кезеңге арналған жоспарға 100% жиналды.

2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда 771 млрд теңгеге өсті. Негізгі өсім қосылған құн салығы – 443 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы - 194 млрд теңге, халықаралық саудаға және сыртқы операцияларға салынатын салықтар бойынша – 105 млрд теңге қалыптасты.

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 74 млрд теңгеге асыра орындалды және 2 трлн 27 млрд теңгені құрады.

Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда кірістер 140 млрд теңгеге өсті. Бұл негізінен салықтар есебінен қамтамасыз етілді.

Кірістер жоспары Маңғыстау облысын және
Нұр-сұлтан қаласын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды.

ШЫҒЫСТАР БОЙЫНША

Республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені немесе 99,2% құрады.

79 млрд теңге орындалған жоқ.

Оның ішінде үнемдеу – 11 млрд теңге.

68 млрд теңге игерілмеген. Бұл жерде нақтыланған бюджеттің өзгерістері ескерілмеген, олар қараша айында көрініс табады.

Ең көп игермеуді мынадай республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жол берді:

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 млрд теңге;

Білім және ғылым министрлігі - 9,3 млрд теңге;

Индустрия және инновациялық даму министрлігі - 7,8 млрд теңге;

Мәдениет және спорт министрлігі - 6,1 млрд теңге;

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - 5,1 млрд теңге;

Игерілмеудің негізгі себептері: мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуы, орындалған жұмыстар актілерінің уақтылы ұсынылмауы, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңгені құрады.

Орындалмағаны - 75 млрд теңге.

Есепті кезеңде өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінді.

Жергілікті деңгейде олар 97,3%-ке немесе 1 трлн 222 млрд теңгеге игерілді.

Орындалмағаны - 34 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге - бюджет қаражатын үнемдеу.

Игерілмегені - 27 млрд теңге.

Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты: Нұр-Сұлтан қ. – 6,1 млрд теңге, Алматы қ. – 4,9 млрд теңге, Түркістан облысында – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысында - 2,9 млрд теңге.

Өкінішке орай, бюджеттің үш нақтылануына, екі рет түзетілуіне қарамастан,  орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті жерлерде 10 айдың қортындысы бойынша  қомақты сомаға бюджет қаражатының  игерілмеуі орын алып отыр.

Сол себепті өз қызметтерінде жіберген кемшіліктерінің нәтижесінде бюджет қаражатының осындай  игерілмеуіне себеп болғаны үшін, жоғарыда айтылған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиісті бюджеттік бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын.

Осы жерде орталық және жергілікті органдардың назарына айтып өтетін басты мәселенің бірі – ол жақында ғана Парламент  бюджеттік заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады. Ол түзетулер бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалануда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.  Осы бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Бұл ретте, әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылады.

Бұл түзету 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.

МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ БОЙЫНША

Есеп беру кезеңінде бюджет қаражатын игеру барысында туындайтын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2 779 аудиторлық іс-шара өткізілді.

Аудиторлық іс-шаралармен 694 млрд теңге қамтылды.

194 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Тексеру нәтижелері бойынша 179 млрд теңге сомаға тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, есепке алу және бюджетке өтеу арқылы бұзушылықтар жойылды.

Жүргізілген камералдық бақылау нәтижесінде 743 млрд теңге сомаға мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтардың алдын алу жүргізілді.

Қаржы жылының соңына дейін аз уақыт қалды.

Сондықтан, осы уакыттың басым міндеті - біріншіден бюджет қаражатын тиімді және толық игеру болып табылады.

Ол үшін барлық қажетті құжаттарды уақтылы әзірлеп қабылдау қажет және 2019 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетті іске асыру үшін барлық керекті бюджеттік рәсімдерді жүргізіп үлгеру керек.

Екіншіден, орталық және жергілікті органдар қараша айында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті іске асыру үшін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жоспарларын әзірлеуі тиіс.

Үшіншіден, ағымдағы жылдың қарашасынан бастап әкімшілер барлық деңгейдегі бюджет қаражаты есебінен 2020 жылға арналған мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды хабарландыруды бастауға тиіс.