Print previewPrint

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә.А. Смайыловтың Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚРЗ жобасына бойынша баяндамасы

12/11/2019

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә.А. Смайыловтың Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚРЗ жобасына бойынша баяндамасы

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

 

Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы енгізіліп отыр.

Заң жобасын әзірлеу қажеттігі 2021-2022 жылдары Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы                  іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың біздің елді бағалауының екінші раундына дайындалуға байланысты туындап отыр.

Қазіргі кезде ұлттық заңнамаға енгізілмеген бірқатар жаңа стандарттарды заңды түрде бекіту, сондай-ақ өткен бағалау раундының нәтижесінде алған Еуразиялық топ ескертулерін заңнамалық деңгейде жою алдағы бағалаудан ойдағыдай өтудің кепілі болып табылады.

Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған заң жобасы келесі мақсаттарды көздейді:

біріншіден, халықаралық стандарттарды енгізу және қаржы мониторингі саласында ұлттық жүйені одан әрі жетілдіру.

Осыған байланысты клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күмәнді операция туралы хабарлама жіберу сияқты қаржы мониторингі рәсімдеріне өзгерістер ұсынылады.

Қаржы мониторингі саласындағы уәкілетті органға реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыруға құзырет беріледі (5 қаржы мониторингі субъектісі: 1) тәуелсіз заң кеңесшілері; 2) лицензиясы жоқ лизинг берушілер; 3) бухгалтерлік ұйымдар; 4) риэлторлар; 5) қымбат бағалы металдар, тастар мен зергерлік бұйымдар риэлторлары).

Бланкеттік нормаларды жою мақсатында қаржы мониторингі субъектілерінің әкімшілік құқық бұзушылықтар құрамы қайта қаралды, тәуекелдерді талдау негізінде санкциялар азайтылды.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы
іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар үшін халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша рәсімдер регламенттелген.

Халықаралық стандарттарды іске асыру мақсатында заң жобасына коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты новеллалар енгізілді.

Талаптар ерікті қаржылық және басқа да қайырымдылықтар үшін жүгінетін қайырымдылық ұйымдары мен діни бірлестіктерге қолданылатын болады.

Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерінің маңыздылығын ескере отырып, Ведомствоаралық кеңес құру ұсынылады.

Онда ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін азайтуға бағытталған шаралар әзірленетін болады және шараларды іске асыру нәтижелері қаралатын болады.

екіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің Резалюцияларын іске асыру механизмін құру.

Ұлттық заңнамаға терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға жататын нысаналы қаржы санкцияларының механизмдері енгізілуде.

үшіншіден, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын жетілдіру.

Заң жобасы шеңберінде салалық тәсіл арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің  терроризмге қарсы қорғалуының тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер блогы әзірленді.

Бұл тәсіл аталған объектілер үшін ықтимал террористік қауіп-қатерлерге және олардың ерекшелігіне байланыстыра отырып, террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздік жүйесін құруға көзделген.

Түзетулерде:

-террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғауды ұйымдастыру саласындағы Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау;

-иелері мен басшылары іске асыратын оларды қорғау жөніндегі практикалық шараларды оңтайландыру;

-террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін тексерудің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді.

Құрметті депутаттар!

Ұсынылып отырған нормалар алдын-алу сипатына ие және ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға, кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарды ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға бағытталады.

Халықаралық міндеттемелерді орындау ашық қаржы жүйесі бар қауіпсіз ел ретінде біздің еліміздің инвестициялық имиджін арттыруға ықпал ететін болады.

Заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді.

Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.

Назарларыңызға рақмет!