Print previewPrint

«2017 жылғы 6 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы» мәселе бойынша ҚР Үкіметінің отырысына ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Б.Ш. Шолпанқұловтың баяндамасы, Астана қ., Үкімет Үйі, 2017 жылғы 18 шілде

7/18/2017

«2017 жылғы 6 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы» мәселе бойынша ҚР Үкіметінің отырысына ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Б.Ш. Шолпанқұловтың баяндамасы, Астана қ., Үкімет Үйі, 2017 жылғы 18 шілде

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Құрметті Үкімет мүшелері!

      

Есепті кезеңде бюджеттердің барлық деңгейлерінде кірістердің өсу қарқыны қамтамасыз етілді: мемлекеттік бюджет  11%-ке, республикалық – 8%-ке және жергілікті – 17%-ке.

Шығыстар өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жарты триллионға өсті. Бұл көрсеткіш 2010 жылдың бюджетінің көлемінен 200 млрд.теңгеге көп.

Республиканың  қор нарығын қолдау мақсатында бюджет тапшылығын қаржыландыруға ішкі ресурстар тартылды.

Ақша-кредит саясатының ынталандыратын ролін қалпына келтіру үшін банк секторын сауықтыру бойынша шаралар қабылданды. 

Бақылау жұмысында превентивтік шаралар көп қолданылды. Аудиторлық іс-шаралармен қамтылған бюджет қаражаты 5 есеге өсті. 1-слайд

Бюджетті атқарудың негізгі сипаттамалары осындай.

Енді әр блокты толық баяндайын.

КІРІС БӨЛІГІ БОЙЫНША

Мемлекеттік бюджет кірістері (трансферттерсіз) 3 407,2 млрд.теңгені немесе жоспарға 106,8%-ті құрады. Республикалық бюджет бойынша кірістердің атқарылуы – 103,8%-ті, жергілікті бюджет бойынша – 114,3%-ті құрады. 2-слайд

Республикалық бюджет кірістерінің 96%-ті салықтарға келді. Олардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 14%-ке, яғни 283 млрд.теңгеге өсті.

3-слайд 

Салықтардың осындай өсімі келесі салықтар бойынша қалыптасты: корпоративтік табыс салығы - 54 млрд.теңге, импортқа қосылған құн салығы – 76 млрд.теңге, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық  – 77 млрд.теңге, экспорттық кеден бажы - 92 млрд.теңге.   4-слайд

Салықтардың өсуіне және артығымен орындалуына мынадай факторлар әсер етті.

Біріншіден, аванстық төлемдер сомасының және декларациялар бойынша төленген корпоративтік табыс салығы сомасының ұлғаюы. Оған, «тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді өңдеу» саласында (45,9 млрд.теңге) металдардың бағасының орташа есеппен 20,8%-ке ұлғаюы себеп болды  (аванстық төлемдердің ұлғаюының ірі сомасы; «Қазмырыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 14 млрд.теңгеге, «Қазхром ТК» акционерлік қоғамы 13 млрд.теңгеге және "AltyntauKokshetau" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5,2 млрд.теңгеге және басқалар). Және де,  «қаржы және сақтандыру қызметі» саласында (27 млрд.теңге)  бағамдық айырма бойынша кіріс алу мен  валюталық активтерді қайта бағалауға байланысты болды. (аванстық төлемдердің ұлғаюының ірі сомасы: «Халық жинақ банкі» - 11,3 млрд.теңге, «Қазкоммерцбанк» акционерлік қоғамы – 10,2 млрд.теңге және басқалар);

Екіншіден, өткізу айналымның 5%-ке, яғни 623 млрд.теңгеге өсуі (Анықтама ретінде: 2017 жылғы 1-тоқсанда айналым сомасы 13 053,5 млрд.теңгені құрады, 2016 жылғы 1- тоқсанда – 12 430,5 млрд.теңге).

Үшіншіден, импорт көлемінің  13,1%-ке өсуі де ықпал етті.  Өсім негізінен «Химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімі (каучуктер мен пластмассаны қоса алғанда)» (20,5%-ке өсті немесе 240,1 млн.АҚШ долл.) және «Отын-энергетика тауарлары» (51,1%-ке өсті немесе  197,2 млн.АҚШ долл.)  тауар топтары бойынша қалыптасты.

Біздің міндетіміз - салықтардың толық төленуін ғана қамтамасыз ету емес, сонымен қатар бизнес алдында өз міндеттемелерімізді уақтылы орындау. Осылайша, есепті кезеңде біз экспорттаушыларға ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығын былтырғы жылдың көрсеткішінен 72 млрд.теңгеге көп қайтардық (2017 жылғы 1-жартыжылдықта – 294 млрд.теңге, 2016 жылғы 1-жартыжылдықта – 222 млрд.теңге).

Жергілікті кірістер 14,3%-ке немесе 132 млрд.теңгеге артығымен орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 155 млрд.теңгені құрады. Бұл салықтар есебінен және салықтық емес түсімдер есебінен қамтамасыз етілді.

Негізгі жергілікті салықтар бойынша: жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, меншікке салынатын салықтар және ішкі салықтар бойынша жоспардың артығымен орындалуы және өсуі байқалып отыр. 5-слайд

ШЫҒЫС БӨЛІГІ БОЙЫНША

Республикалық бюджет шығыстары
4 406,3  млрд.теңгеге  игерілді, яғни  99,2%-ке.
6-слайд

4,9 млрд.теңге үнемделді. 30 млрд.теңге игерілмеді. Бұл  атқарылған шығыстардың жалпы көлемінен 0,7 %-ті құрайды.  7-слайд

Қаражатты игеру кезінде өнім берушілердің шарттық міндеттемелерді орындамауы, өткізілмеген конкурстар және олардың ұзақ өткізілуі, іс-шараларды өткізу мерзімдерін кейінге қалдыру фактілері әлі де байқалады.

Анықтама:

Неғұрлым көп игерілмеуге келесі мемлекеттік органдар жол берген:

- Мәдениет және ақпарат министрлігі – 7,2 млрд.теңге, олар әлеуметтік маңызды және мәдени іс-шараларды жүргізуге, ұлттық фильмдерді шығаруға, тарихи-мәдени мұраны сақтауды қамтамасыз етуге, қайта жаңғыртуға, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің құрылыстарына бағытталған шығыстар, мәдениет және өнер саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының күрделі шығыстары бойынша орындалған жұмыстардың актілерін уақтылы ұсынбауға байланысты қалыптасты;

- Қаржы министрлігі – 7,1 млрд.теңге, мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінің жұмыс істеуін және ақпараттық-техникалық қамтымын қамтамасыз етуге бағытталған шығыстар бойынша конкурстық рәсімдерді уақтылы өткізбеу салдарынан, жедел-іздестіру қызметі бойынша (ерекше шығындар), коммуналдық шығыстар бойынша, жанар-жағар май және өзге де қорлар бойынша төлемге шот-фактуралар ұсынылмаған;

- Ауыл шаруашылығы министрлігі – 4,1 млрд.теңге, өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыруды қолдау үшін бюджет қаражатын басқару үшін агентті айқындау туралы қаулыны уақтылы қабылдамағандықтан сақтандыруды қолдау бойынша, өткізілмеген конкурстық рәсімдерге байланысты өсімдіктерді қорғау және оның карантині бойынша, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізуге байланысты сумен жабдықтау жүйелерін гидротехникалық құрылғыларды салу және реконструкциялау, орындалған жұмыстардың актілерін уақтылы ұсынбауға байланысты өсімдік шаруашылығында ғылыми зерттеулер мен іс-шараларды бағдарламалық нысаналы қаржыландыру;   

- Бас прокуратура – 2,7 млрд.теңге – мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету, мемлекеттің мүдделерін білдіру және қорғау, прокуратура органдарының күрделі шығыстары;  

- Энергетика министрлігі – 2,2 млрд.теңге – су айдындарын тазалау және санациялау бойынша (Щучье-Бурабай курорттық аймағының (Щучье, Бурабай, Қарасу көлдері) орындалған жұмыстар актілерінің уақтылы орындалмау себебі бойынша.

Сондықтан, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар конкурстарды өткізуді, шарттарды жасасуды және оларды уақтылы орындауды созбауға тиіс. Әрине, бұл ретте бюджет заңнамасы бұзылмауы керек.

Біз бюджет қаражатын игеруге онлайн мониторингті жүргізуді жалғастырып келеміз. Осы шаралардың нәтижесінде өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 500 млрд.теңгеге артық шарттар жасалды.

Бірақта,64 республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша  жыл соңында  игерілмеу сомалары қалыптасуы қауіпі бар. Олар бойынша 119 млрд.теңгеге келісім шарттар әлі де болса жасалмаған. 8-слайд 

Олардың ішінде 19 млрд.теңге халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар бойынша бөлінбеген сома. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың халықаралық ұйымдармен жұмыс жасауға ынталары жоқ екенін көрсетеді. Оларға бюджеттен тікелей қаражат алған әрине оңайырақ.

Мемлекеттік органдар қажет етпегендіктен осы бағдарлама бойынша 2015-2016 жылдары 60 млрд.теңге игерілмеді. Оны біз Ұлттық қорға қайтардық.

Сол себепті, Ұлттық экономика министрлігі 15 тамызға дейін осы бағдарлама бойынша қаражаттың бөлінуін қамтамасыз етуі қажет.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,6%-ке атқарылды. 9-слайд

Жергілікті бюджеттердің шоттарында тұрақты кассалық қолма-қол ақша сақталуы қалыптасуда . Оның мөлшері жылдың басынан 2,7 есеге (135 млрд.теңге) өсе отырып, 367 млрд.теңгені құрады. 10-слайд

474,1 млрд.теңге сомасында өңірлерге бөлінген нысаналы трансферттер 96,5%-ке (457,6 млрд.теңге) игерілді. 15,5 млрд.теңге игерілмеген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінен 5,5 млрд.теңгеге аз (2016 жылы – 21 млрд.теңге).

 Неғұрлым үлкен игерілмеу мына өңірлер бойынша қалыптасты: Астана қаласы – 6,3 млрд.теңге, Алматы қаласы – 3,6 млрд.теңге, Қызылорда облысы – 1,7 млрд.теңге және тиісінше Ақмола және Жамбыл облыстары бойынша 1,1 млрд.теңгеден.  11-слайд Игерілмеудің негізгі себебі – бұл жұмыстар кестесінен қалыс қалу, шарттарды кеш жасасу.

Жергілікті деңгейде де ықтимал игерілмеу тәуекелдері байқалады. Мысалы, «НұрлыЖер»  бағдарламасы бойынша 4,5 млрд.теңге игерілмеген. Негізгі сома Астана қаласы бойынша қалыптасты – 2,6 млрд.тенге.

 Анықтама ретінде: 1 784,9 млн.теңге шартты жасамауға байланысты  Мыңжылдық жоспарлы ауданында желілер мен коммуникацияларды салу бойынша; 366,5 млн.теңге Ильинка кентінен шығыс орналасқан жеке тұрғын үйлерге инженерлік желілерді салу бойынша (3-кезең). Техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржылық-экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы

Бұдан басқа, ұлттық экономика, инвестициялар мен даму министрліктері бойынша 2 млрд.теңге сомада нысаналы трансферттерді өңірлерге бөлу қажет: жобалауға, дамытуға және (немесе) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жайластыруға  (0,9 млрд.теңге), индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға (1,1 млрд.теңге).

НҰРЛЫЖОЛ

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының бюджет бөлігі бойынша инфрақұрылымдық жобаларға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, тұрғын үй құрылысына, білім беру инфрақұрылымына және халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларға бөлінген қаражат 100%-ға немесе 102,4 млрд. теңге сомаға игерілді. 12-слайд

Өңірлерге 59,7 млрд.теңге сомаға қаражат бөлінді.  Олар 59,3 млрд.теңге немесе 99,2%-ке игерді. Үш облыс: Маңғыстау, Ақмола және Жамбыл облыстары 458 млн.теңгені игермеген.

Анықтама: конкурстық рәсімдерді ұзақ жүргізу себепті Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылдық округінде 600 оқушыға арналған жалпы білім беретін орта мектептің құрылысы бойынша Маңғыстау облысында 189,3 млн. теңге; Бурабай ауданының Щучье қаласында 135 орынға арналған интернаты бар 800 оқушыға арналған бейінді мектептің құрылысы бойынша Ақмола облысында 150,0 млн. теңге және 116,3 млн. теңге – Жамбыл облысында қадағалау органдарының нұсқамаларына сәйкес шығыстарды тоқтатуға және шарт талаптары бойынша 5%-ды ұстап қалуға байланысты мектептердің құрылыстарына арналған шығыстар бойынша.

Мемлекеттік бағдарлама туралы егжей-тегжейлі біз 25 шілдеде баяндаймыз.

13-слайд

ТАПШЫЛЫҚ

Бюджет тапшылығын қаржыландыруда бірінші кезектегі міндет – бұл үкіметтік борыштың орнықтылығын қамтамасыз ету.

Осыған байланысты есепті кезеңде біз ішкі капитал нарығын қолдадық. Жалпы қарыз алу көлемінде мемлекеттік бағалы қағаздар үлесіне 95%  келеді.

Жалпы сомасы 305 млрд. теңгеге мемлекеттік орта мерзімді және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылды, немесе былтырғы жылға қарағанда 125 млрд. теңгеге көп. Жалпы шығарылым көлемінде негізгі үлесті (83%) орта мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар (МЕОКАМ) құрады. 14-слайд

МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар 371 млрд.теңгеге  алдын-ала бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Аудит объектілеріне 1 539 ұсыныс жіберілді.   Ол ұсыныстардың  1 296-сы орындалды.

Тауарларды жеткізу, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеулер, есеп бойынша көрсету және сәйкес келтіру жолымен 214 млрд. теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Порталда мемлекеттік сатып алу рәсімдерін камералдық бақылау жалғасын тапты.   Жалпы сомасы 5,7 трлн.теңгеге 390 мың 879 рәсім қамтылды.  Жалпы сомасы 499 млрд.теңгеге 24 560 рәсім бойынша заңнаманы бұзушылықтар анықталды.

Мемлекеттік аудит объектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 16 119 хабарлама жіберілді.

Мемлекеттік сатып алу қорытындыларының шешімдерін жою жолымен жалпы сомасы 472,3 млрд. теңгеге бұзушылықтар жойылды. 15-слайд

АЛДАҒЫ КЕЗЕҢГЕ АРНАЛҒАН МІНДЕТТЕР

Негізгі макрокөрсеткіштердің (мұнайдың бағасы, доллардың бағамы) тұрақсыздығы жағдайларында қаржы жылының соңына дейін министрлік алдында тұрған басты міндет бюджет шығындарын уақытында қаржыландыру болып табылады. Бұл үшін біз салықтық түсімдердің динамикасын күн сайын қадағалап отыратын боламыз, әкімшілермен бірлесіп бюджет қаражатының игерілуін онлайн-мониторингтеуді жалғастыратын боламыз.

Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу және кірістер жөнінде мемлекеттік қаржы-қаражатты жаңғырту жобалары бойынша жұмыс жалғасын табатын болады.

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін Парламентке квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасын енгіземіз. 

Назарларыңызға рахмет!