Print previewPrint

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

3/2/2020

ҚР Қаржы министрлігінің Қоғамдық Кеңесінің құрамына енген қаржы, аудит, салық салу және құқық саласындағы қайраткерлерді қоса алғанда, қазақстандық қоғам өкілдері жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үшін қажетті Салық кодексіне түзетулер дайындау барысы туралы ақпаратты тыңдады.

Кеңес отырысы барысында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі "ауыртпалықсыз" өтетінін атап өтті, себебі мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары азаматтардың неғұрлым дайындалған санаты болып табылады, олардың 99,7% салық есептілігін электрондық түрде ұсынады. Қазіргі уақытта жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өзара іс-қимыл туралы меморандумдар жасау бойынша қоғамдық ұйымдармен іс-шаралар жүргізілуде (салық консультанттарын, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды декларацияны толтыру және ұсыну тәртібі бойынша халықты ақпараттандыру процесіне оқыту және тарту).

Жалпыға бірдей декларациялауға көшу тұжырымдамасы жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін салықтық бақылауды көздейді. Осы мақсатта заңнамалық бастамалар әзірленді, сондай-ақ "Банктер және банк қызметі туралы", "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Салықтық әкімшілендіру шеңберінде ҚР ҚМ МКК "Интеграцияланған деректер базасы" ақпараттық жүйесін уәкілетті органдардың деректер базаларымен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде ақпараттық өзара іс-қимыл бойынша келісімдерге қол қойылды.

Қоғамдық кеңес мүшелері жалпыға бірдей декларациялау салық жүйесін жаңғыртуға елеулі қадам, салық төлеуге қатысты халықтың мәдениетін дамытудың жаңа кезеңі екенін атап өтті. Сондықтан да жалпыға бірдей декларациялауды енгізу кезінде осы процеске азаматтардың өздерінің және қоғамдық институттардың қатысуы аса маңызды болып табылады.

Отырыста сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдарына KPI енгізудің жаңа әдіснамасын дайындау бөлігінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жұмысының тиімділігі туралы ақпарат тыңдалды.

ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі