Print previewPrint

Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде мерекелік концерт өтті

5/5/2017

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл және Ұлы Жеңіске 72 жыл толуына арналған салтанатты концерт өтті.

Салтанатты шара Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Бауыржан Тортаевтың алғысөзімен ашылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының генерал-майоры Мұхаметқали Сатовтың рухты құттықтау сөзімен жалғасты.
 
Келер ұрпақтың керемет келешегі мен бейбіт өмірі үшін, қан майданда жан қиған жауынгер бабаларымызды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды.
 
Концерт барысында Ұлттық Ұланның ән-би ансамблінің әртістері көрермендердің құлақ құрышын қандыра әндерін әуелетіп, қыз-жігіттері мың бұралып солдат биін биледі. Залдағы әрбір көрерменнің кеуде тұсына «Жеңіс ленталары» тағылды.
 
 Сахнадағы соғыс жылдарының жәдігерлері көз жауын алып, құжаттамалық видеокадрлар қырқыншы жылдарға қайта оралғандай әсер қалдырып, Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс елімізге қандай күшпен, қанмен және термен келгендігін тағы бір мәрте еске салып өтті.


ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі