Print previewPrint

ҚР Парламентінің Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2016 жылғы РБ атқарылуы туралы есебінің таныстырылымында сөз сөйлеу

5/18/2017

ҚР Парламентінің Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2016 жылғы РБ атқарылуы туралы есебінің таныстырылымында сөз сөйлеу. Астана қ., Парламент Мәжілісі 18 мамыр 2017 жыл

2016 жылғы РБ атқарылуы туралы

 

Құрметті депутаттар!

 

Сіздердің назарларыңызға «2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» Үкімет есебінің таныстырылымы ұсынылады. 

Есепте бюджеттің кірістері мен шығыстарының атқарылуы жан-жақты талданылды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген индикаторлардың, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуы барысы да қамтылды. Бұл ақпараттың барлығы   шамамен бір мың беттік материалдарда бар.

Бүгінгі таныстырылым үш блоктан тұрады.

Бірінші – республикалық бюджеттің былтырғы жылы атқарылуының негізгі сипаттамалары.

Екінші -  бюджеттің кірістерін нығайту мен шығыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар.

Үшіншіден стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалық құжаттардың өткен жылғы нәтижелері туралы.

Атқару қорытындылары салық-бюджет саясатының экономикалық жағдайға әсерінің оң нәтижесін көрсетеді.

Бюджеттің негізгі параметрлеріне келсек, түсімдер 100,2%-ке орындалып 7 трлн 760 млрд.теңгені құрады. 

Шығыстар 8 трлн 501 млрд.теңгеге атқарылып, 98,3%-ке игерілді.

Бюджет тапшылығы 741 млрд.теңгені құрады. Бұл алдыңғы жоспардағы көрсеткіштен 161,5 млрд.теңгеге төмен.

Үкіметтің есебінің жалпы қортындылары осындай.

Енді, оның әр блогы бойынша толық баяндайын.

 

Есептің бірінші блогы. Республикалық бюджеттің 2016 жылы атқарылуының негізгі сипаттамалары

Бюджеттің атқарылуының негізгі жетістіктерінің бірі – ол бюджет кірістерінің 2015 жылмен салыстырғанда  1 078 млрд.теңгеге көп жиналуы, өсуі 30,8%.

Шығыстар 2015 жылға қарағанда 18,6%-ке, яғни 1 338 млрд.теңгеге артық игерілді.

Бюджет тапшылығының мөлшері бюджеттің тұрақтылығын сипаттайды. Өткен жылы оның көлемі Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда жоспардағы 2%-тің орнына 1,6%-ті құрады. 2015 жылдың көрсеткішінен 171 млрд.теңгеге азайды.

Кірістердің артығымен орындалуы нәтижесінде республикалық бюджетте 158,4 млрд.теңге кассалық қалдықтар қалыптасты. Бұл қаражат биылғы ақпан айында бюджетті нақтылау үшін негіз болды.

2016 жылы бюджетке 7 662,2 млрд.теңге кірістер түсті. Кірістердің құрамында салықтардың көлемі 2015 жылға қарағанда 2% -ке ұлғайып, 56%-ті құрады.

Республикалық бюджеттің кірістері 382 млрд.теңгеге асыра орындалды.

 Кепілдендірілген трансферттің көлемі есепті жылы 2 110 млрд.теңгені құрады, яғни кірістердің 27,5% (2015 жылы бұл көрсеткіш 27,7% құраған).   Салықтардың жоспардан артық түсуі кепілдендірілген трансфертті 370 млрд.теңгеге сақтап қалуға мумкіндік берді. 

Кірістердің бұндай атқарылуының негізгі себебі, ол макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы. Мысалы, жалпы ішкі өнімнің өсуі жоспарланған 0,5% -тің орнына 1%-ті құрады. Теңгемен көрсетілетін импорт көлемі жоспарға қарағанда 4,3%-ке және металл құнының орташа бағасы 5,2%-ке өсті.  Бұдан басқа мұнайға салынатын экспорттық кеден бажының прогрессивтік мөлшерлемесін енгізу мен басқа да факторлар кірістердің асыра орындалуын қамтамасыз етті.

Салықтық әкімшілендірудің жақсаруы есебінен бюджетке жоспардан тыс 46 млрд.теңге түсті.

Жоспардың осындай атқарылуына келесі салықтар ең көп ықпал жасады.  Корпоративтік табыс салығы – 143 млрд.теңге, табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланғаны үшін түсімдер – 82 млрд.теңге, мұнайға салынатын экспорттық кеден баж салығы – 52 млрд.теңге және ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы – 38 млрд.теңге.

Республикалық бюджеттің кірістерінің Жалпы ішкі өнімдегі үлесі де жақсарды. Олар 2015 жылмен салыстырылғанда 1,5%-тік пунктқа жақсарып, 10,1%-ті құрады. Салықтардың үлесі 9,4%-ті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,2 проценттік пунктқа ұлғайды.

Барлық салықтардың, әсіресе корпоративтік табыс және қосылған құн салықтарының, үлесі 2015 жылмен салыстырғанда көбейді. Бірақта, мұнайға салынатын экспорттық кеден бажының үлесі 0,2%-тік пунктқа азайды. Бұл   мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы ставкасының азайуынан болды.

Шығыстардың игерілуі.

Республикалық бюджеттің шығыстары жоғары да айтып кеттім, 98,3%-ке орындалды.

Бекітілген бюджеттің шығыстары екі рет нақтыланудың нәтижесінде 980 млрд.теңгеге көбейген болатын.

Бюджеттің осындай ұлғайуы, біріншіден, әлеуметтік салаға қаржыны көбейтуге мүмкіндік берді. Шығыстардың жартысы, яғни 4 трлн.теңгесі әлеуметтік болып табылады.

1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 9%-ке көбейді. Зейнетақыны төлеуге бюджеттен 1 353 млрд.теңге қаржы бөлінді.

Азаматтық қызметкерлердің жаңа еңбек ақы жүйесі моделін енгізуге 290 млрд.теңге бөлінді.

Бала тууға жәрдемақы 438 мың алушыға төленіп, оған 33 млрд.теңге жұмсалды.

Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде экономиканың нақты секторларын дамытуға ықпалын тигізетін шығыстарға 2,1 трлн.теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат экономиканың басым секторларын қолдауға мүмкіндік берді.

Мәселен, көлік және коммуникация саласында республикалық маңызы бар жолдардың 512 км реконструкциядан өтті, 12 темір жол вокзалы тексеру құралдарымен қамтамасыз етілді, 9 авиамаршруртқа субсидия берілді.

2016 жылы ауыл шаруашылығына 340 млрд.теңге бөлінді. 5,3 млн.гектардан асатын егіс алаңында көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстары жүргізілді. Бұл үшін 2 мың 241 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне   бюджеттен қолдау көрсетілді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 339 млрд.теңге қаражат бөлінді.   Нәтижесінде 3 648 квартира салынды. Әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар мен жас семьялар тиісінше 1796 және 1047 пәтермен қамтамасыз етілді.

Ал, бюджет қаражатының 10,5%-і, яғни 391 млрд.теңгесі қорғаныс, қоғамдық тәртіп пен қауыпсіздікке бағытталды.

Жыл қорытындылары бойынша бөлінбеген резерв пен үнемдеудің арқасында 110 млрд.теңге сақталып қалды. Бірақ, 36 млрд.теңге игерілмеді. Себебі: келісімшарттарды жасасу талаптарының өзгеруі және жұмыс кестесінен кешігу.

Игерілмеудің негізгі сомалары келесі министрліктер бойынша қалыптасты:

 Қорғаныс министрлігі - 29 млрд.теңге;

 Ішкі істер министрлігі – 1,2 млрд.тенге;

 Білім және ғылым министрлігі - 1 млрд.тенге;

 Сыртқы істер министрлігі – 920,2 млн.теңге;

 Ауыл шаруашылық министерлігі – 870,2 млрд.теңге;

Әділет министрдігі – 759 млн.теңге.

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 2015 жылмен салыстырғанда 1,7 есе азайып 268 млрд.теңгені құрады.

Жыл сайын есепті қараған кезде айтылатын маңызды сұрақтардың бірі ол жарғылық капиталға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы. 

2016 жылы бюджеттен бөлінген қаражаттың квазимемлекеттік сектордың қазынашылық шоттарындағы қалдықтары 14,5 млрд.теңгені құрады. Бұл сома 2015 жылмен салыстырғанда 5 есеге азайды.

Бірақта, өткен жылдарда берілген қаражаттың дер кезінде игерілмеуі әлі де болса орын алып отыр. Мұндай сомалар 98,5 млрд.теңгені құрайды. Бұл мәселені шешудің әртүрлі тәсілдері  Бюджет кодексіне өзгеріс енгізу бойынша құрылған  жұмыс тобында қарастырылуда.

Мемлекеттік борыш есептік жылдың соңында 11 трлн. 437 млрд. теңгені құрады. Бұл жалпы ішкі өнімге шаққанда 26 %-тен төмен. Борыштық жүктеме қауіпсіз деңгейде қалып отыр. Кірістермен салыстырылғанда 12%-тен төмен. Бекітілген шекті деңгейі 15 %.

Жалпы сыртқы қарыз 163,8 млрд.долларды құрады. Оның 82%-тін жеке сектордың қарыздары құрайды. Квазигоссектордың сыртқы қарызы 2015 жылдың көрсеткішінен 2,6 млрд.долларға азайып, 16,2 млрд.долларды құрады. Ел Басының Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес холдингтер мен ұлттық компаниялардың қарыз алу операциялары Үкімет тарапынан қатаң қадағалауға алынатын болады.

Квазигоссектордың қарыздарын азайту үшін келесі шаралар қолдануға жоспарланып отыр:

- субъектілерді мониторингпен қамтуға қажет критерилерді анықтау;

- белгіленген сомадан жоғары қаражатқа сырттан қарыз алуды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен міндетті түрде келісу және рұхсат алу; 

- квазимемлекеттіксектордың қарыздарын басқару үшін үйлестіру кеңесін құру.

Есептің екінші блогы. Бюджеттің кірістерін нығайту мен шығыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар

Кедендік әкімшілендіру бойынша. Шекарада көшпелі жедел топтар құрылды, кедендік аумақтың жұмысын алыстан бақылау жүйесі «Орталық-Пост» енгізілді (видео + документтер).

Нәтижесінде кедендік тексерудің тиімділігі 8 есе артты. Тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтың саны 1,8% қысқарды, 5,6 млрд.теңге төленді.   975 бұзушылық анықталып, 85 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды.

Қызмет көрсету мен тексерулердің сапасын арттыру

Қызмет көрсетудің стандарттары мен регламенты бекітілді. Олар интернет-ресурстарда талқыланған болатын.  Жалпы тексерудің жүргізу тәртібін белгілейтін әдістемелік ұсыным дайындалды.   Салық және кеден саласында тексеру бір тәртіппен жүргізілетін болды.

Осы жұмыстар арқасында 65 млрд.теңге бюджетке өндіріп алынды, яғни 2015 жылмен салыстырғанда 20%-ке көп.

Әрине бұл салада кемшіліктер әлі де бар. Салық тексерудің сапасын арттыру туралы биыл Мемлекет басшысы тарапынан бізге сын айтылды.  Алдағы уақытта бизнеске ауыртпалықты азайту үшін келесі шаралар қарастырылып жатыр.

Біріншіден, онлайн хабарландыру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарын қолданатын әрбір шағын бизнес субъектісі тексерілмейтін болады. Бұл тексерулердің санын шамамен 20%-ке, яғни 13 мыңға қысқартады.

Екіншіден, барлық өзара есеп айырысуда электрондық шот-фактуралар қолданатын экспорттаушыларға біз қосылған құн салығын 30 жұмыс күні ішінде қайтару. Бұл қарсы тексерулердің санын 65 %-ке қысқартады, яғни тексеру саны тағыда 23 мыңға азайады.

Үшіншіден, қосылған құн салығын әкімшілендіруді жақсатру үшін оның арнайы шотын енгізу қазір бизнеспен талқылануда. 

Жалған кәсіпкерлік және экономикалық қылмыстармен күресу шаралары

Мемлекеттік кіріс және қаржы мониторингі комитеттерінің біріккен ақпарат ресурстарын пайдалана отырып нысаналы топтар айқындалды.   Жедел-іздестіру қызметі жүргізілді.

«Жалған кәсіпкерліктің алдын алу картасы» әзірленді.

Осы шаралардың нәтижесінде: 1268 жалған кәсіпкер анықталды, қосылған құн салығы бойынша есептен 898 салық төлеуші алынды, 16 млрд.теңгені қолма-қол ақшаға айналдыру кезінде 126 адам қамауға алынды, 26 топ залалсыздандырылды.

2015 жылға қарағанда (1,3 млрд.теңге) жалған кәсіпкерлік бойынша сот үкімінен кейін 50 млрд.теңге түзетілуге ұсынылды. Одан 5 млрд.теңге өндіріліп алынды.

70 млрд. теңге залал өтелді, 3 543 жалған купюра алып қойылды, 214 жасырын казино анықталды.

Бюджет қаражатының нәтижелігін арттыруды қамтамасыз ету шаралары.

2016 жылы бюджеттің шығыстары 247 бюджеттік бағдарлама бойынша игерілді. Олардың саны 2015 жылдан 2 есеге азайды.  Осы қысқарту бір стратегиялық мақсатқа – бір бюджеттік бағдарлама принципі арқылы жүзеге асты.  Бұл мемлекеттік органдарға қаражатты игеру кезінде көбірек дербестік беру үшін жасалды. Мысалы, әкімшілердің бюджеттің атқарылуы барысында кіші бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлуге құқығы бар.   

Бюджет рәсімдерін жақсарту үшін әкімшілерге келесі жағдайлар жасалды.

Біріншіден, мемлекеттік мекемелерге желтоқсан айында қаржы жоспарына екі рет өзгеріс енгізуге рұқсат берілді. 

Екіншіден, мемлекеттік мекемелер жасасқан келісім-шарттар «Электрондық мемлекеттік сатып алу» жүйесінен электронды форматпен қазынашылық жүйесіне жіберуге жағдай жасалды.

Үшіншіден, белгіленген саладағы жобаларды игеруге 50%-ке дейін аванс төлену шешілді. Былтырғы жылы бұл рұқсат ғарыш саласына берілді.

Бюджет қаражатын игеру кезінде түпкілікті нәтижелерге қол жеткізбеген жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі енгізілді.

Қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тез, әрі тиімді жеткізу үшін бюджет саласындағы әкімшілік кедергілерді ары қарай азайту қарастырылып жатыр. Рәсімдерді жеңілдету Бюджет кодексіне   енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер туралы заң жобасында орын табатын болады.

 

Құрметті депуттаттар!

Жыл сайын қызу талқылауға жататын көкейкесті проблемалардың бірі -  Есеп комитеті мен депутаттардың ұсыныстарының орындалуы.  Сондықтан, осы мәселелердің орындалу барысына тоқтала өтейін.

Сіздердің 2015 жылғы есепті қараған кездегі ескертулеріңіз орындалды. Осы еспте бюджеттің тиімсіз жұмсалу деректері Есеп комитетінің мәліметтерімен сәйкестендірілді.

Камералдық бақылаудың тізбесі «Мемлекеттік сатып алуды бекітілмеген жобалау-сметалық құжаттамамен өткізу» тәуекелдік профилімен толықтырылды.

Әкімшілердің резервтен бөлінген қаражатты алушыларға аудару мерзімдері бекітілді.

Квазимемлекеттік субъектілерге ақша аудару қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкес, ағымдағы жылға көзделген соманың шегінде іске асырылады.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарына түпкілікті ақы төлеу тек Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамасының қортындысын алғасын жүзеге асады. Әлеуметтік саланың мекемелерінің жүйесі және оларды жарақтандырудың нормативтері қабылданды.

2016 жылдың есебі стратегиялық индикаторлардың, бағдарламалық құжаттардың  орындалуы туралы қосымша мәліметтермен толықтырылды.

2016 жылы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары толығымен мемлекеттік аудитке ауысты.

Есепті кезеңде 664 аудиторлық іс-шаралармен 1,7 трлн.теңгеге бюджет қаражаты қамтылды.   27 млрд.теңгеге бұзушылықтар жойылды.

111,3 млрд.теңге құрайтын 16 мың 473 мемлекеттік сатып алудың процедуралары камералдық бақылаумен қамтылды.   13,7 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталып, оны мемлекеттік органдар мен квазимелекеттік объектілері дер кезінде өздері   түзетті.

Есептің үшінші блогы. Бағдарламалық құжаттардың мен стратегиялық жоспарлардың өткен жылғы нәтижелері

Біріншіден – БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰЖАТТАР

Есепті жылы   индустриялық-инновациялық дамудың, тілдерді дамыту мен қолданудың, жұмыспен қамту мен бизнесті қолдау, Агробизнес-2020, «Нұрлы жол» және тағы да басқа бағдарламалар іске асырылды. Білім беру мен ғылымды дамытудың, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламаларының жаңа кезеңдері басталды.

Негізгі бағдарламалар бойынша келесі жетістіктерге қол жеткізілді.

Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша.

Есепті жылы микрокредит алған 5 677 адам өз ісін ашты.  Кәсіптік оқытумен 7 240 адам қамтылды, оның ішінде 6 335 адам немесе 87,5 % оқуды аяқтады.  Олардың 5 431-і немесе 85,7 %-і жұмысқа орналасты.

  Жоспардағы 8 индикатордың 6 индикаторы бойынша 2016 жылдың көрсеткіштері орындалды. 2 индикатордың нәтижесі жоспардан төмен болды. 

«Денсаулық» бағдарламасына 2016 жылы 153 млрд.теңге пайдаланылды. Көзделген 3 нысаналы индикатор толығымен орындалды. Қосымша 3 инсульттық орталық ашылды, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім 10,5 %-ға азайған.

Білім беруді және ғылымды дамытудың бағдарламасы бойынша жоспардағы барлық 8 нысаналы индикаторға қол жеткізілді, оның ішінде
1 индикатор асыра орындалды. 2016 жылы 77 мың орындық 825 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Оның ішінде 46,5 мың орынға арналған 582 жеке меншік балабақша мен 60 шағын орталық. Осы арқылы 3-6 жастағы балаларды қамту 81,6 %-дан 85,8 %-ға дейін өсті.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жоспардағы барлық 4 нысаналы индикаторы орындалды.

Есепті жылы қалалық елді мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу 88 %-і, ауылдық елді мекендерде 52,3 %-і құрады.

2016 жылы 10 512,7 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді, яғни жылдық жоспарға қатысты тұрғын үйді пайдалануға беру 146 % құрады.

«Агробизнес 2020» бағдарламасына 259 млрд.теңге пайдаланылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 123,1 млрд.теңге. Басым ауыл шаруашылығы дақылдарының субсидияланған алқабы 10,9 млн.гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің (қызметтерінің) жалпы шығарылу көлемі 5,5 %-ға ұлғайып, 3 615,8 млрд.теңгені құрады.

«НҰРЛЫ ЖОЛ» бағдарламасына бюджет арқылы бөлінген 472 млрд.теңге толығымен игерілді. Ұлттық холдингтердің облигациялық қарыздары бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 207 млрд.теңгені құрады.

Автожол саласын дамытуға 151,3 млрд.теңге бөлінді, ол жоспардан 100%-ті құрады. Жыл қорытындылары бойынша Астана -Теміртау, Алматы – Қапшағай және Астана – Петропавл бағыттары бойынша қозғалыс ашылды. 43 мың жұмыс орны ашылды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу бағыты бойынша 2 208 км инженерлік желілер салынды.  6 мың жұмыс орны ашылды.

***

Құрметті депуттаттар!

Бағдарламалық құжаттардың атқарылу барысы Үкімет тарапынан әрқашанда қатаң бақылауда. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен былтырғы жылдан бері осы бағдарламалардың қортындысын талқылау дәстүрге айналды.  

Биылғы наурыз-сәуір айларында негізгі бағдарламалардың өткен жылғы қортындылары қаралды. Әрбір индикатордың орындалуы талқыланды.

Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Олар жоспарлау барысында да, атқарылу кезінде де жіберіледі.   Осы сұрақтар мемлекеттік жоспарлаудың тәсілдерін әрі қарай жетілдендірілетін кезде пысықталатын болады.

Екіншіден – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАРДЫҢ ҚОРТЫНДЫСЫ

Мемлекеттік органдарының стратегиялық жоспарларының орындалу барысы әрбір саладағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуын және де қаншалықты бюджет қаражатының тиімді жұмсалғанын көрсетеді.

2016 жылы 17 мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында 479 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген. Оның 430 индикаторы 13 мемлекеттік органдар арқылы ашық түрде орындалады.  Қалған 49 индикаторы «қызмет бабында пайдалану» мен «құпия» режимдерінде бекітілген.  83 индикатор Әлемдік экономикалық форумының Жаһандық бәсекелестіктің көрсеткіші болып табылады.

340 индикаторлар орындалды.  107 индикатор орындаламады. 31 индикатор бойынша мәліметтер осы жылдың екінші жартыжылдығында жарияланады.

Орындалған 340 индикатор бойынша көптеген әлеуметтік, экономикалық саладағы көрсеткіштерге қол жетті.

Мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы жергiлiктi қамту үлесi жоспардағы 80%-тің орнаны 90,5%-ті құрады, дәрігер кадрларының жетіспеушілігі 240,75 санға азайды, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 85,8% болды, Қазақстан электр станцияларының қолда бар электр қуатының өсімі 17500 МВт құрады және де басқалар.

Халықаралық рейтингтерде 20 индикаторлар бойынша еліміздің позициялары жақсарды.

Бірақта, 107 индикатор орындалмады.  Оған әртүрлі себептер бар.

Бұлардың 48%-і жаһандық индекстердің баяу өсуіне байланысты (мысалы, «Аграрлық саясат ауыртпалығы», «Жолдардың сапасы» индикаторлары бойынша жоспарда 48 және 106 орын, іс жүзінде 64, 108 орындар тиісінше).

Көрсеткіштердің орындалмауының объективті себептері де бар. Мысалы, «Ірі қара мал еті экспортының көлемі» жоспардағы 10 мың тоннаның орнына 6,8 мың тоннаға орындалды. Бұған былтырғы жылы республиканың кейбір аймақтарында болған малдың жаппай қырылуы себеп болды. Ал, «Салық салу» индикаторы бойынша 60 позцияда қалдық (жоспарда 17 позиция). Себебі - рейтингті айқындаудың әдістемесінің өзгеруі (көрсеткішті есептеген кезде жаңадан «Тіркеуден кейінгі индекс» деген төртінші көрсеткіш қосылып, рейтингті айқындаудың негізгі үлес салмағы осы көрсеткішке тиесілі болды). 

* * *

Құрметті депуттаттар!

 

2016 жылғы республикалық бюджеттің орындалуының негізгі сипаттары осындай.

Сыртқы сауда айналымының төмендеуі, мұнай бағасының құлдырауы жағдайында салықтарды әкімшілендіруді жақсарту жолымен кірістердің жинауын ұлғайттық. Шығыстардың өсуі арқылы экономиканың дамуына жәрдемдесу шараларын қабылдадық. Бюджеттің түсімдері артыгымен орындалды, шығыстары жоғары деңгеймен игерілді. 

2015 жылғы есептің қортындысында салықтарды әкімшілендіру мен бюджет қаржысын тиімділігін арттыру туралы депутаттар мен Есеп комитетінің көтерген ұсыныстар бойынша Жоспар қабылдағанбыз.

Көптеген жүйелі мәселелердің шешімі салық – бюджет және басқа да салалардағы заңнамаларды түзетуді қажет етеді. Жаңа Салық кодексі мен Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобалары күзде сіздерге ұсынылатын болады.

 

Назарларыңызға рахмет!