Print previewPrint

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚРЗ нақтылау туралы Қаржы министрі Б.Т. Сұлтановтың баяндамасы

11/9/2017

Астана қ., Парламент Сенаты, 2017 жылғы 9 қараша

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Құрметті депутаттар!

 

Сіздердің қарауларыңызға «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ұсынылып отыр.

Бюджет параметрлерін нақтылау макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын түзету, сондай-ақ 9 ай бойынша бюджетті іске асыру қорытындысына сәйкес қалыптастырылды.

Республикалық бюджет түсімдері 62,9 млрд. теңгеге өсе отырып, 9 691,5 млрд. теңгені құрады, олардың ішінде:

- мұнайлық емес түсімдер жоспарға қарағанда 77,9 млрд.теңгеге өсті, ол экономика мен іс жүзіндегі салықтық түсімдердің өсу қарқыны есебінен болды;

- мұнай түсімдері 14,9 млрд. теңгеге төмендейді.

Республикалық бюджет шығыстары 2017 жылға 11 177,4 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте, шығыс бөлігінің ішкі өзгерістері нәтижесінде ағымдағы шығыстар 3 млрд. теңгеге төмендейді, өз кезегінде дамуға арналған шығыстар 4 млрд.  теңгеге ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

Әлеуметтік шығыстар блокы 10,4 млрд. теңгеге төмендей отырып, 3 688 млрд. теңге құрайды, ол негізінен әлеуметтік қызметтер алушылар контингентінің нақтылануы есебінен.

 «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған шығыстар 2017 жылы 2,6 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 160,4 млрд. теңге құрайды, ол Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрімен қамтамасыз ету және медициналық көмек бойынша қажеттіліктің ұлғаюы есебінен болды.

«Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы бойынша 4,2 млрд. теңге сомасында шығыстар көзделді. Аталған қаражаттар есебінен: «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» - 2,5 млрд. теңге және «Қазақстанның рухани әулиелі заттары» - 1,2 млрд. теңге және басқа іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

 

Нақты сектор шығыстары 2017 жылы 1 918,9 млрд. теңгені құрайды.

«Нұрлы Жол» бағдарламасына 455,3 млрд. теңге бағытталатын болады, оның ішінде 309 млрд. теңге көлік инфрақұрылымын дамытуға және 130,6 млрд. теңге білім беру, инженерлік-коммуникациялық және индустриалды инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға ағымдағы жылғы шығыстар 127,6 млрд. теңге құрайды, оның ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд. теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 80,9 млрд. теңге, экономиканың ынталандырудың қаржылық құралдарына 2 млрд. теңге.


«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы бойынша 2017 жылға арналған шығыстар 4,4 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 122,1 млрд. теңге құрайды. Негізгі өсім «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша қамтамасыз етілген, ол халықтың төмен ауыз сумен қамтылған аймақтарында 11 жаңа сумен жабдықтау жобаларының іске асырылуын бастауға және басталған жобалардың іске асырылуын тездетуге байланысты ұлғайды.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына шығыстар 2017 жылы 11,8 млрд. теңгеге ұлғая отырып 241,1 млрд. теңге сомасында көзделеді. Ұлғаю 8,9 млрд. теңге сомада өңірлерде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қосымша субсидиялау және 3,1 млрд. теңге су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу және гидротехникалық жабдықтарды реконструкциялау бойынша жалғастырылатын жобаларды іске асыру мерзімін тездету есебінен болды.

«Индустриалды-инновациялық дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығыстар ағымдағы жылы 24,9 млрд. теңгеге өсе отырып,  217,8 млрд. теңге құрайды. Шығыстардың ұлғаюы есебінен кәсіпорындардың өндірістік және инфрақұрылымдық қуаттарын жаңарту және жаңғырту бойынша жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Күш органдары блогының шығыстары ағымдағы жылы 45,8 млрд. теңгеге өсе отырып, 1 019,6 млрд. теңгені құрайды. Ол ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап əскери және ішкі істер органдары қызметшілерінің жалақыларын 25%-ке көтеруге байланысты.

Республикалық бюджет тапшылығы 62 млрд. теңгеге төмендеп, 1 485,9 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге 2,9% құрайды.

***

Құрметті депутаттар!

       Жылдың аяқталуына 2 айдан аз уақыт қалғанын ескере отырып, Үкімет бюджетке қосылған шығыстарды уақытылы іске асыру бойынша қажет шаралар қабылдап жатыр.

       Заң жобасының іске асырылуы туралы Қаулы дайын. Бюджетке енгізілген түзетулерді Парламент мақұлдағаннан және Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін Үкімет отырысына енгіземіз. Аймақтарға цифрлар жұмыс тәртібінде жеткізілді.

       Сөзімді қорытындылай келе, баршамыз үшін маңызды заң жобасын қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік берген және бірлесіп жүргізілген сындарлы жұмыс үшін Сіздерге алғысымды білдіремін. 

       Қолдауларыңызды сұраймын.

       Назарларыңызға рахмет!