Print previewPrint

Қаржы министрі Б.Т. Сұлтановтың Нұрлы Жол қаражатын игеру бойынша ҚР Үкіметінің отырысында сөйлейтін сөзі 2017 жылғы 14 ақпан, «Үкімет Үйі» ғимараты

2/14/2017

Нұрлы Жол қаражатын игеру бойынша

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Мен 2017 жылдың 1 қаңтарына «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бюджет қаражатының игерілуі мен оның іске асырылуын бақылау жөніндегі іс-шаралар туралы баяндайтын боламын.

Игеру бойынша

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысы жылдық жоспарға 100% жуық игерілді.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын және тұрғын үй құрылысын, білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражат толық көлемде пайдаланылды.

Ал Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобалардағы Қазақстан Республикасының үлесін қаржыландыру бойынша шығыстар 0,4 млрд. теңгеге атқарылмады. Бұл ретте, негізгі себеп – бюджет қаражатын үнемдеу мен жобаларды іске асыру кезіндегі бағамдық айырма.

Жергілікті деңгейде де Мемлекеттік бағдарлама қаражатын игеру қарқыны жоғары - 98,7 %

3,2 млрд.теңге (трансферттер бойынша 2,9 млрд.теңге, кредиттер бойынша 0,3 млрд.теңге) атқарылмады, одан 0,9 млрд.теңгесі – үнемдеу.

Трансферттер бойынша игермеу 2,0 млрд.теңгені құрады, одан ең үлкен сомалар мына облыстарға келеді: бұл Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары.

Анықтама ретінде:

Трансферттер бойынша 2,0 млрд.теңге игерілген жоқ, одан 856,7 млн.теңге Ақмола облысында Бұланды ауданында индустриялдық инфрақұрылым салу бойынша өтпей қалған конкурстар мен орындалмаған жұмыстарға байланысты;

354,5 млн.теңге Қостанай облысында Қостанай қаласында индустриялдық аймақ құру бойынша жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуі себебінен;

181,1 млн.теңге Солтүстік Қазақстан облысында, инженерлік желілер салу бойынша орындалмаған жұмыстар мен жұмыстардың кестеден кешігуіне байланысты;

170,2 млн.теңге Қарағанды облысында инженерлік коммуникациялар салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржы- экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге және жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуіне байланысты.

 

Бұл ретте, Атырау және Павлодар облыстарының әкімдіктері тыйым салуға қарамастан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көзделген Ұлттық қордан берілген қаражатты инвестициялық жобалар арасында қайта бөлуге жол берген.

Бұл бюджет заңнамасының бұзушылығы болып табылады және қайта бөлінген соманы республикалық бюджетке 2017 жылғы 1 наурызға дейін Ұлттық қорға қайтару үшін аудару қажет.

2017 жылғы 14 ақпандағы жағдайы бойынша жергілікті атқарушы органдармен қаражаттар қайтарылған жоқ.

Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша

Кредиттік тұрғын үй салуға мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырудан түскен 38,2 млрд. теңгенің барлығы жергілікті бюджеттердің кірісіне түсті.

Сонымен бірге бұл қаражаттың барлығы шығыстарға бағытталған жоқ. Атырау облысының мәслихаты өз шешімімен мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарудан алынған қарыз деңгейінен тұрғын үй салуға арналған шығыстардың жылдық көлемін 0,7 млрд.теңгеге аз бекітті. Осы арқылы өңір бойынша 100% қаражат игеруді қамтамасыз етті.

Осы түсімдердің есебінен жүргізілген шығыстар 36,8 млрд.теңгені немесе жылдық соманың 98,3%-ін құрады.

Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары жалпы алғанда 0,6 млрд. теңгені игермеді.

Қаражатты игеруге бақылау жүргізу бойынша

2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілген камералдық бақылаумен жалпы сомасы 221 млрд. теңгеге 420 мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды, оның ішінде сомасы 55 млрд. теңгеге хабарламалар жіберілді. Мемлекеттік аудит объектілері анықталған бұзушылықтарды жойды. Бұл ретте, 17 млрд. теңге сомасына мемлекеттік сатып алу қорытындылары қайта қаралды, 38 млрд.теңге сомасына мемлекеттік сатып алу тоқтатылды.

Салықтық бақылау

Бас мердігер және қосалқы мердігер ұйымдары ретінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысатын 54 салық төлеуші бойынша камералдық бақылау жүргізілді.

Нәтижесінде сенімсіз төлеушілермен (жұмыс істемейтін, қосымша құн салығы есебінен алып тасталғандар, тіркеулері жарамсыз және сот таныған жалған кәсіпорындар) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың және қызметтер көрсетудің 1-4 сатысында өзара есеп айырысу жүргізілгені белгілі болды.

2015 жыл кезеңінен 2016 жыл ішінде 627 салық төлеушілер бойынша сенімсіз өнім берушілермен айналым сомасы 597,5 млрд. теңгені құрады, мұндағы корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша болжамды жоғалтулар 191,3 млрд.теңгені құрады.

Бүгінгі күні салықтық тексерулер нәтижелері бойынша 38,2 млрд.теңге қоса есептелді. Күмәнді кәсіпорындарды қосылған құн салығы бойынша есептік тіркеуден алып тастау, сондай-ақ сенімсіздік белгілері бар жаңа контрагенттерді анықтау жөніндегі жұмыс жалғасуда, олар бойынша хабарламалар қалыптастырылып жатыр.

Сонымен қатар, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан төлеушілерден бюджетке төленетін салықтың өсімі көрініп отыр. Олардың көлемі 2016 жылы 43,5 млрд. теңгені құрады, мұның өзі 2015 жылға қарағанда (31,9 млрд.теңге) 1,4 есе артық.

2017 жылға арналған бюджетте Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 387,4 млрд. теңге сомасында қаражат көзделді.

Сондықтан да «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлығы қазірдің өзінде барлық қажетті шараларды қолдануы және бюджеттік рәсімдердің уақтылы өткізілуін бақылауға алуы қажет деп санаймын.

Қаржы министрлігінің тарапынан қаражатқа мониторинг жүргізу мен оның жұмсалуын бақылау жөнінде жұмыстар жалғастырылатын болады.

Назарларыңыз үшін рахмет.