Print previewPrint

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі Ә.Смайыловтың «Салық және кедендік әкімшілендіру» тақырыбына ҚР Үкіметінің отырысында жасайтын баяндамасы

12/3/2019

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі А. Смайылов Үкімет отырысында Қаржы министрлігінің 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі жұмысының нәтижелері, сондай-ақ алда тұрған міндеттер туралы хабарлады.

Бюджеттің кірістерін орындау бойынша.

Мемлекеттік бюджеттің кірістер бойынша жоспары 101%-ке орындалды немесе жоспардан тыс 76 млрд теңге түсті.

Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсімдердің өсімі 14%-ке қамтамасыз етілді және 911 млрд теңгені құрады.

Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсу қарқыны 14% құрады, ол өткен кезеңмен салыстырғанда 886 млрд  теңгеге артық.

Серпінде ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша 282 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге және еңбекақы қорынан салықтар бойынша  95 млрд теңгеге өскені байқалады.

Сондай-ақ кедендік төлемдер де өсті: ЕврАзЭС-тен қосылған құн салығы бойынша 88 млрд.теңгеге және үшінші елдерден ҚҚС 73 млрд теңгеге артты.

Келтірілген нәтижелер фискалдық әкімшілендіруді артыруға бағытталған мемлекеттік кіріс органдарының жұмыс  стратегиясы дұрыс екендігін білдіреді.

2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің (трансферттерді қоспағанда) нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңге сомасында айқындалды.

2018 жылдың фактісіне кірістердің 1 трлн 233 млрд теңгеге (5849 млрд. теңге) немесе 121%-ке, оның ішінде:

- экономиканың және экспорттық тауарлар бағасының өсуіне байланысты 393 млрд теңгеге (2018 – 466 млрд. теңге);

- салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартуға және оларды цифрландыруға байланысты 840 млрд теңгеге жыл қортындысы бойынша  өсуі болжанып отыр (2018 – 372 млрд. теңге).

Тәуекелдерді басқарудың жүйесі жетілдірілуде, ол бақылау жасау үшін субъектілерді барынша дәл іріктеуге мүмкіндік берді және жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижелігін арттырады.

Нәтижесінде салықтық тексерулердің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтардың сомасы 20%-ке  ұлғайды (129 млрд.тг).

Сонымен қатар, қашықтан бақылау әдістері де жетілдірілуде.

Ағымдағы  жылы электронды шот-фактураларды қолдана отырып, камералдық бақылаудың жаңа рәсімдері енгізілді.

Қосымша 221 млрд.теңге есептелді - өсім 19%,
175 млрдтеңге өндіріліп алынды (өсім 8,2%).

Сондай-ақ бюджетке салық төлеуді ынталандыру шаралары қабылдануда.

Ағымдағы жылы шағын және орта бизнеске (2019 жылдың қаңтарынан бастап) және жеке тұлғаларға (2019 жылдың тамыз айынан бастап) негізгі қарызды төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен салықтық амнистия жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің 46% борышкерлері (91,9 мыңның 42 мыңы) амнистия пайдаланды, олар 13 млрд теңге салық төледі.

Олардың 4,4 млрд теңге айыппұлдары мен өсімақылары жойылды.

Жеке тұлғалардың 30%-тен астам борышкерлері (1,4 млн.-ның 423 мыңы) 10 млрд теңге сомасына негізгі қарызын өтеді.

Олардың 2 млрд теңгеге жуық айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды.

Нәтижесінде - бұл жалпы берешекті 5%-ке төмендетуге мүмкіндік берді.

Кедендік әкімшілендіру шеңберінде біз басты назарды тауарларға арналған декларацияның дұрыстығын арттыруға, «сұр» импортты және кедендік статистика бойынша сәйкессіздіктерді қысқартуға аудардық.

Бүгінде Қытай мен Қазақстанның фискалдық органдары Экспорттық декларациялардан алдын-ала ақпаратпен алмасу туралы жасалған Хаттаманың шеңберінде электрондық байланыс арналары арқылы тиісті жұмысты жасауда.

Осы жылдың соңына дейін онлайн деректермен алмасу жүзеге асырылатын болады деп жоспарлап отырмыз.

Баға туралы ақпаратты автоматты түрде іздеу және «Кеденнен кейінгі бақылау» модулдерін енгізу, сондай-ақ Қытайдан әкелінетін тауарлардың ассортиментін ақпараттық жүйеде толығымен қамту шаралары кедендік Тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін 54%-тен 77%-ке дейін арттыруға және шамамен 50 мың заң бұзушылықты анықтауға, сондай-ақ кедендік тексерулер бойынша анықталған бұзушылықтарының санын 2 мыңнан 11 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Кеденнен кейінгі бақылауды күшейту нәтижесінде кедендік баждар мен салықтар бойынша есептелген кіріс 32%-ке артты және 14 млрд теңгені құрады.

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру Қытаймен кедендік статистикадағы сәйкессіздікті қысқартуға мүмкіндік берді.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап Шекара қызметімен бірлесіп Ресей мен Қырғызстанмен мемлекеттік шекараның 37 автомобиль өткізу пункттерінде экспорттық бақылау күшейтілді. Импортқа қосылған құн салығын толық өндіріп алу үшін көлік пен жүктердің өту мониторингі жүзеге асырылуда.

Нәтижесінде ЕврАзЭС-тен қосылған құн салығын түсімдері 528 млрд теңгеге дейін 20%-ке өсті, бұл өткен жылдың осыған сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88 млрд теңгеге артық.

2020 жылдан бастап мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде тиісті «Экспорттық бақылау» модулін құру жоспарланып отыр.

Көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартудың пәрменді құралдарының бірі - салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру болып табылады.

Министрлік ақпараттық жүйелердің кешенін дамыту және интеграциялау арқылы тауарларды қадағалау жүйесін енгізу жұмыстарын жалғастыруда.

«АСТАНА-1» АЖ-де тауарларды декларациялау электронды түрде жүзеге асырылады.

Бұл тауарларды кедендік рәсімдеу уақытын кедендік декларациялардың жалпы санының 80%-ті үшін 1 минутқа дейін қысқартты.

Бұрын бұл уақыт 24 сағатты құрайтын.

«Өнімді таңбалау» АЖ-сі контрафактілік өнімдерді қысқартуға және кәсіпкерлердің арасында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Өткен жылдан бастап алкоголь, темекі және аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылады.

«Электрондық шот-фактуралар» АЖ-сінде, 2019 жылдың
1 қаңтарынан бастап барлық қосылған құн салығын төлеушілер электрондық шот фактураларды міндетті түрде жазып беруге көшірілді.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап басқа да бастапқы құжаттар  электронды форматқа көшірілді: электрондық келісімшарттар, орындалған жұмыстардың актілері, олардың негізінде электронды шот фактуралар нысанын автоматты толтыру жүзеге асырылды.

Онлайн-бақылау кассалық машиналарды кеңінен қолдану бойынша азаматтар үшін лотерея ойнату, бизнес үшін онлайн-КKM сатып алған кезде - онлайн-KKM құнына төленген салықтар сомасын азайту арқылы ынталандыру шаралары жасалынды.

Бизнес субъектілерін онлайн-КKM-ге ауыртпалықсыз көшіру жөнінде бірқатар пилоттар іске асырылуда.

Сонымен қатар, фискалдық деректер операторының функциялары бәсекелестік ортаға берілді («Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, Картель (Билайн)).

Қазіргі уақытта онлайн-КKM саны жалпы тіркелген КKM санының 95%-тін құрайды.

Жергілікті салықтарды төлеуді оңайлату мақсатында «EGOV» электрондық Үкімет пен Каспий Банктің порталы интеграциялау жүргізілді.

Осылайша, Каспий Банкімен интеграция нәтижесінде осы жылдың тек қыркүйек айының өзінде өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда  жеке тұлғалардың салық төлемдері 2,5 есеге өсті (жалпы сомасы 18 млрд. теңге болатын 1,87 млн. төлемдер).

2020 жылдың басынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылдық мерзімге босатылатын болады.

Жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнімдерді өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары босатылмайтын болады.

Сонымен бірге шағын және орта бизнес субъектілерін 3 жыл мерзімге тексеру жүргізуге мораторий енгізілуде.

Кедендік тексеру, қарама-қарсы салық тексеру, қылмыстық іс шеңберінде жүргізіліп жатқан және салық төлеушінің өтініші бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулер алып тасталынады.

Cонымен қатар, микро және шағын бизнес субъектілеріне онлайн-ККМ және POS-терминалдарды міндетті түрде қолдануды, кірістер мен шығыстар жеңілдетілген есебін кезең-кезеңімен енгізуді, салық есептілігін ұсынуды қамтамасыз ету қажет

2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында біз мынадай іс-шараларды жоспарлап отырмыз:

- салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу (2020 жылғы қаңтардан бастап);

- үш компонентті интеграцияланған жүйені енгізу;

- патентті қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін шектеу;

- Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктін қайта құруды аяқтау (2020 жылғы 2-тоқсан);

- Қытайдан алынатын займ бойынша 10 өткізу пунктін қайта құруды бастау (2020-2023 ж.ж.);

- ЕврАзЭС шеңберінде тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесін енгізу;

- Қытаймен экспорттық декларациялардың мәліметтерімен толық алмасу.

Осылайша, Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді барынша тиімді ету үшін кешенді шараларды қабылдауда.

Сонымен бірге, салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі - мемлекеттік органдардың дерекқорларын жаңарту болып табылады.

Бұл жұмыс жыл басынан бері белсенді түрде жасалуда.

25 млн нан астам мәлімет өңделіп, 3,6 млн нан астам қате мәліметтер жаңартылды.

Мысалы, Ішкі істер министрлігінің (Әкімшілік полиция комитеті) көлік желісі бойынша 4,5 млн мәліметтердің қате 933 мың мәлімет жаңартылды және ретке келтірілді.

Қате жазбалардың қалған 64 мың мәліметтері (1,5%) қысқа мерзімде жаңартылуы қажет.

Сонымен қатар, келешекте қайталанатын қателіктерді болдырмау үшін Ішкі істер министрлігіне қолданыстағы ақпараттық жүйені жетілдіру және форматтық-логикалық бақылауды күшейту қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде (Жер ресурстарын басқару комитеті) жер учаскелері бойынша 3,6 млн. мәліметтердің 116 мыңы жаңартылып және ретке келтірілді.

Сонымен бірге жер актілерін беру кезінде «мақсатты нысана» жіктеуішінің жоқтығы салықтарды автоматты түрде есептеу процесін қыйындатады.

Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі «мақсатты нысана» жіктеуішін әзірлеуі қажет.

Ал жергілікті атқарушы органдар өз ақпараттық жүйелеріне гео-порталдарын жіктеуішті енгізуді және жер учаскелерін беру кезінде жіктеуішті пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар, меншік құқығын тіркеусіз көптеген жер актілерді беру орын алған.

Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар жерге берілген актілерді тіркеуді қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет.

«Жылжымайтын мүлік тізілімі» ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік бойынша  өңделген 17,3 млн мәліметтердің 2,6 млн мәлімет жаңартылып, ретке келтірілді.

Бұл ретте, мынадай проблема анықталды.

Мысалы, қайтыс болған мүлік иелері бойынша 843 мың қате тарихи мәліметтер жазбалары анықталды.

Осыған байланысты, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қайтыс болған және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кеткен адамдарға тиесілі иесіз мүлікті иесіз деп тану мәселесін пысықтау керек.

Назарларыңызға рақмет.