Print previewPrint

Қазынашылар арасындағы спартакиаданың қорытындысы шығарылды

12/5/2017

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті өзінің қызметкерлері арасында спартакиада өткізді.

 

Ұйымдастырушылардың пікірінше, спартакиада салауатты өмір салтын насихаттау, корпоративті рухты көтеру және қызметкерлердің денсаулығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған. 

Спартакиадаға қатысып, спорттан бақ сынасуға  республиканың 9 аймағынан қазынашылық қызметкерлері келген. Жарыстар спорттың үш түрінен: мини-футбол, волейбол, шахматтан өтті. Ойындардың қорытындысы бойынша мини-футболдан чемпиондық атақты Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің спортшылары жеңіп алды. 2 орынға Комитеттің орталық аппараты ие болды. Ал Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің жігіттері 3 орынды місе тұтты.

Волейбол ойыны бойынша Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің командасы жеңімпаз атанды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті 2 орынға, Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті 3 орынға ие болды.

Шахматтан Ақмола облысы бойынша департаментінің командасы қарсыластарын шаң қаптырып кетсе, Қарағанды облысы бойынша қазынашылық департаментінің шахматшылары тұғырдың екінші сатысына табан тіреді. Бір қызығы, Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті бұл ойын бойынша да 3 орынды жеңіп алды.

Барлық спорт түрлерінен олжаланған орындарды есептей келгенде, аймақтар бойынша жалпыкомандалық есепте 1 орынды Шығыс-орталық аймағы, 2 орынды  Солтүстік аймағы, 3 орынды Батыс аймағы иеленді.

Қазынашылық комитетінің төрағасы Азамат Ахметов жеңімпаздарға дипломдарды табыс етті.