Print previewPrint

Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Б.Сұлтанов Жамбыл облысында қаржы саласының өкілдерімен кездесті

2/22/2017

Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Жамбыл облысындағы қаржы саласының өкілдерімен кездесу барысында Елбасы Жолдауындағы түйінді ережелерді талқылады.

Кездесуді ашу барысында Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру Стратегия - 2050 негізгі мақсатына, яғни Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына кіруге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қаржы министрі Үшінші жаңғырудың әрбір басымдығына толығырақ тоқталып өтті.

Бірінші басымдық аясында экономиканың дәстүрлі салаларында өсудің қарқындауына жаңа технологиялардың трансфері және үздік тәжірибелер мен бизнес-процестерді енгізу арқылы дамыған елдердің деңгейіне дейін еңбек өнімділігін арттыру арқасында қол жеткізілетінін атап өтті.

Б. Сұлтанов бәсекелестікті дамыту және реттеу мен экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту арқылы экономикадағы жеке сектордың басым рөлін қамтамасыз етуге жағдайлар жасау үшін бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту туралы жиналғандарды хабардар етті.

Ол өзінің сөз сөйлеуінде кәсіпкерлік бастамашылықты және халықтың іскерлік қабілетін қолдау, экономикадағы мемлекеттің рөлін қысқарту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Жиналғандарға адам капиталының сапасын жақсарту және Мәдени саясат, дене шынықтыру және спорт тұжырымдамасын, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет қолданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Қаржы министрі алдағы бірнеше жылда экономиканың жаңа құрылымы өнімді жұмыс орындарын құруды, еңбек ресурстарының мобильділігін және жаңа дағдыларды алу мүмкіндігін қамтамасыз ететінін атап айтты.

Кездесу барысында институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері де талқыланды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарлама, сондай-ақ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл үшін «Қазақстан киберқалқаны» жүйесі қабылданатын болады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде оның себептері мен алғышарттары анықталып, оларды жою жұмысы күшейетін болады. Осы мақсат үшін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру көзделген.

Соңында Бақыт Сұлтанов кездесу барысында қойылған сұрақтарға толық жауап берді және қатысушыларды экономиканың тұрақты қарқынды өсуіне қол жеткізу және Қазақстан халқының әл-ауқатын сапалы деңгейге шығару мақсатында Жолдаудағы қойылған міндеттерді нақты орындауға шақырды.

Сол күні Бақыт Сұлтанов Жамбыл облысы әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.